Отандық кино нарықты жаулап үлгерген Тәуекел енді шетелді бағындырып көрмек
Тәуекел Мүсілім басты рөлдердің бірін сомдаған «В поисках мамы-2» картинасы жақында көрерменге жол тартты. Бұған дейін көбінесе комедиялық фильмдерде бой көрсетіп келген Тәуекел енді өзін басқа қырынан танытпақ. Қазіргі уақытта ол экстремизм туралы фильмге түсуде, деп жазды Stan.kz.
«Қазір Өзбекстан, Ресей, Түркия мен Қазақстан бірігіп түсіріп жатқан халықаралық жоба. Фильмнің аты – «Барон-2». Ғаламтор желісінде фильмнің бірінші бөлімі бар. Картина есірткі саудасымен айналысатын адамдар жайлы. Жас жігіттердің абайсызда ИГИЛ-ке кетіп қалған оқиғалары көп. Мен де сондай оқиғаға тап болған қазақ жігітін сомдаймын», – дейді Тәуекел.
Алғашқы бөлімі көрерменнің көңілінен шыққан «В поисках мамы» картинасын қырғызстандық киногерлердің түсіргені белгілі. Отандық кино нарықты жаулап үлгерген Тәуекел енді шетелді бағындырып көрмек.
«Қырғызстанда фильмге түстім. Бұйырса Өзбекстанда да жұмыс күтіп тұр. Мұның бәрі бекер емес.Қазақстанмен шектеліп қалмау керек. Әрі қарай да бағымды сынап көрмекпін. Түркияны көремін. Маған Түркияда саған мүмкіндік көп деп айтады. Тек ол үшін түрік тілін үйренуім керек. Жалпы олар маған көмектесуге де дайын», – дейді Тәуекел.
Сондай-ақ, бұрындары ән айтқан Тәуекел әншілікті не себепті тастап кеткенін түсіндірді.
«Мен продюсермен жұмыс істеп жүргенде ән айтып көрдім. Негізі бұл сол кісінің қалауы болатын. Бірақ жалпы ән айтқан ұнайды. Шығармашылығымды әрі қарай дамытамын деп айта алмаймын. Бірақ кім білсін, 10-15 жылдан кейін өзім үшін ән айтатын шығармын?!», – дейді ол.