Almaty Gallery көрме залы 12 ақпан мен 11 наурыз аралығында Анар Әбжанованың жаңа жұмыстарының топтамасын ұсынады
Алматы қаласы Мәдениет басқармасына қарасты «Алматы әуендері» мекемесінің Almaty Gallery көрмесі қазақстандық танымал суретші Анар Әбжанованың «Көк түстің 50 реңі» атты көрмесі ашылды деп хабарлайды Almaty.tv.
Көрермендерге ұсынылып отырған көрмеде Анар Әбжанованың майлы және акрилді бояулармен салынған 60-тан астам шығармаларын ұсынады. ҚР Суретшілер одағының мүшесі Анар Әбжанова 1986 жылы Алматы қаласында дүниеге келген. Есту қабілетінен қағажу көрсе де қоршаған дүниенің алуан түрлі бояуын өте нәзік түрде сезіне білу және өзі сезіне білген сол дүниені кенеп бетінде шебер айшықтай білу таланты жас қыздың бойына ана сүтімен дарыған деуге болады.
Бүгінгі таңда Анар ондаған жеке көрмелерін ұсынып үлгерген нағыз белсенді суретші, көптеген Халықаралық (АҚШ, Чили, Франция, Италия, Россия және т.б.) және республикалық («Шабыт» және т.б..) конкурстар мен пленэрлердің жеңімпазы. Анар Әбжанованың есімі «Қазақстандық 100 жаңа есімдер» қатарынан өзіне лайықты орнын алған. Сондықтан да жас талант өзіне де, өзгеге де тек қана еңбек пен кіршіксіз көңіл ғана өмірді толыққанды да жарқын, қызықты ете алатындығын анық көрсетіп берді деуге болады.
Almaty Gallery көрме залы 12 ақпан мен 11 наурыз аралығында Анар Әбжанованың жаңа жұмыстарының топтамасын ұсынады. Көрме «Көк түстің 50 реңі» аталады, шындығында да суретшінің барлық жұмысына тән ортақ та негізгі рең – көк түс. Оның үстіне көк түс – өнердегі негізгі де ұнамды түстің бірі. Сондықтан да суретші өзінің Алматы қаласының қысқы көріністеріне арналған суреттер топтамасында осы көк түстің барша рең-қасиеттерін мүмкіндігінше мол, дұрыс пайдалана білген. Ашық та қанық, таза көк түстің түрлі реңдерін суретші қысқы аязды, ауа райының жағдайын, қысқы ағаш мүскіндері мен ғимараттар көріністерін беруде шебер пайдаланған. «Кешкі көгілдір сәт. Достық даңғылы.» (кенеп/акрил. 50х60), «Қысқы жылы күн. Бөгенбай батыр көшесі» (кенеп/акрил. 50х60) тәріздес шығармаларында суретші түрлі түстер арқылы жан дүние сезімін, қысқы ауа райының тазалығы мен пәктігін, қысқы қала көшелерінің көріністері мен таныс жерлердің жүрекке соншалықты жақындығын молынан танытуға тырысады...
Көрмеде сонымен бірге суретшінің қала көріністерінен басқа түрлі жауқазын гүлдерді бейнелеген жұмыстары да орын алған. Суретшінің қолынан шыққан туындыларды «Almaty Gallery» ( Достық даңғылы, 44) көрмесінен көре аласыздар, кіру тегін.