«Жас қалам – жаңа роман» жобасының негізінде жарық көрген кітаптар көпке ұсынылды. Жазушылар одағының бастамасымен жарияланған байқауға 9 қатысушы өтініш білдірген, деп хабарлайды Almaty.tv.
Үміткерлер арасынан Мақсат Мәліктің «Абыл мен Қабыл», Қанат Әбілқайырдың «Ағыраптағы аты жоқ адам», Әлібек Байболдың «Мұтылған» романы үздік деп танылып, оқырманға жол тартты.
– Үш жазушыға арнайы тақырып берілмеді, тәуелсіздік жылдарын суреттеп, жазып шықты. Демеуші табылса, жобаны жалғастыруды жоспарлап отырмыз. Жастарға жазуына жағдай жасау – үлкен шаруа», – деді Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасының орынбасары Бейбіт Сарыбай.
Үш автор да – әлдеқашан танылған, оқырманы бар жазушы. Оларға Жүсіпбек Қорғасбек, Нұржан Қуантайұлы, Дәурен Қуат жетекшілік етті. Үш ай қаламақы төленді. Жазушылар «жоба – елдегі әдеби процеске серпін берген бастама» дейді.
– Бұған дейін «Жұмбақ кітап», «Ағаш адам» атты әңгімелер жинағым жарық көрді. Ал көлемді шығарманы бірінші рет жазып отырмын. Алғашқы романым деп айтуға толық негіз бар, – деді жазушы Мақсат Мәлік.
Оқи отырыңыз: Ұлытауда «Қаныш» қойылымының тұсауы кесілді