Бүгін әйгілі академик, ұлтының даңқты ұлы Қаныш Сәтбаевтың туғанына 125 жыл толды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Қаныш Сәтбаев – ұлттық ғылым академиясының алғашқы президенті, жер қойнауының сыйқырлы жиһазын тамаша көрегендікпен аша білген академик. Ол саналы ғұмырының 15 жылын бір ғана Орталық Қазақстанда, жерасты байлығын зерттеуге арнады. Қазақ геология ғылымының іргетасын қалады.
– Павлодар облысымен шекаралас жерде туғанбыз. Қанекеңді үлгі ететін әке-шешелеріміз «сол кісіге барыңдар, үйреніңдер» деп айтатын. Ол кісі Қарсақпайда геологиялық партияны басқарып, одан кейін өркендеуіне үлес қосты. Қарсақбайдағы жай геолог Алматыдағы ғылым академиясын ашты. Ғылым шыңына шықты, – деді Қ. Сәтбаевтың туысы Аман Жанқожин.
Қазақ ғылымын жүз жылға алға жылжытқан ғалым геологиялық барлау нәтижесінде Жезқазғандағы ең ірі мыс кеніштерін ашты. Бұл – дүниежүзілік рекорд.
Қаныш Имантайұлының тер төгіп, бар білгенін арнаған өлкеде қазір академик атымен аталатын Сәтбаев қаласы бой түзеген. Мұнда ғалым есімін көше мен мектеп иеленген. Қаныш Сәтбаевтың атындағы мектептің мұражайында ғалымның өмір жолынан сыр шертетін құжаттар, фотосуреттер, деректер және тұтынған жеке заттары қойылған.
Кез келген тақырыпта еркін әңгіме өрбіте алатын зиялы азамат домбыраның құлағында ойнап, ғажап билей де алған. Фольклоршы Александр Затаевич құрастырған «Қазақтың 1000 әніне» Қаныш Сәтбаев 20 әнді қосқызған. Ал өңірдің өңін ашып, отандық ғылымға өшпес із қалдырған Қаныш Имантайұлының 125 жылдығын Ұлытау жұрты айрықша атап өтіп жатыр. Мұнда ғылыми конференциялар мен кездесулерден бөлек «Қаныш» қойылымының тұсауы кесілді.
Айта кетейік, аталған спектакль әйгілі «Қазақтың Қанышы» роман-эссесінің желісінде сахналанған.
Алтынгүл Төлегенова, Наргиз Жанабекова, Алматы телеарнасы, Ұлытау облысы
Оқи отырыңыз: Ақордада Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңестің отырысы өтті