Асхат Оралов биыл неге шетелдік фильмдерді қазақшалау жұмысы тоқтап қалғанын түсіндірді
Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов Үкімет кулуарында биыл неге шетелдік фильмдерді қазақшалау жұмысы тоқтап қалғанын түсіндірді, деп хабарлайды Almaty.tv.
- Дубляж мәселесін біз қарастырдық. Білесіздер ғой, бір-екі ай бұрын мәдениет саласын дамытудың 7 жылдық тұжырымдамасы бекітілді. Былтырдың өзінде 3, 4, 5-ке дейін киноның дубляжы ұйымдастырылған болатын. Бірақ біз тұжырымдамаға басқа көрсеткіштер енгіздік. Ендігі кезекте жыл сайын қазақша дубляждалатын фильмдердің санын кем дегенде 3 есе көбейтеміз. Яғни, жыл сайын 15 киноның дубляжын өткіземіз.
Биыл да 15-ке жеткіземіз деген жоспар бар. Бірақ тұжырымдама бекітілгеніне екі ай болды. Конкурс процедуралары бар. Бүкіл жұмыс заңға сәйкес ұйымдастырылып жатыр. Шынын айтқанда, 5 жылдың ішінде 75 киноның дубляжын өткіземіз деген жоспар бар. Кейінгі 7 жылда ондай көрсеткіш болған жоқ. Бұған арнайы Үкімет қаулысы шықты. Қазір конкурстық процедуралар өтеді. Жыл соңына дейін қолға алып, жұмыстарды үйлестіреміз. Келесі жылдан бастап кем дегенде ең мықты деген 15 киноның дубляжы ұйымдастырылады, - деді ол.
Асхат Ораловтың айтуынша, жылына 3-5 киноны дубляждау жеткілікті емес.
- Өйткені қазір халықтың сұрауы бар. Былтырдың өзін қарайтын болсақ, 3-4 киноның өзі қаншама сұранысқа ие болды?! Сондықтан мұны санын 5 есеге дейін көбейту туралы шешім қабылдадық, - деді министр.
Дереккөз: ҚазАқпарат
Оқи отырыңыз: Фонтанға шомылған 10 жастағы бала көз жұмды