Қызылордағы орталық - Азиядағы ең үлкен тарихи орын
Тасқа жазылған тарих жойылудың аз-ақ алдында тұр. Жергілікті өлкетанушылар «Қызылорда облысында орналасқан Сауысқандық шатқалындағы петроглифтерге қауіп төнді» деп дабыл қағып отыр. Сенаторлар қарт Қаратау бөктеріне арнайы барып, өзекті мәселемен танысты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Қатпар-қатпар Қаратаудың қадым заманнан қалған құпиясы жетерлік. Соның бірі – Сауысқандық шатқалындағы қара тасқа қашалған жазулар. Бұл аумақтың төрт бұрышына арнайы тақта қойылып, мемлекеттің ерекше қорғау аймағы деп белгіленген. Алайда оны елеп-ескеріп жатқандар аз. Тұмса табиғатқа тынығуға келген тұрғындар құнды ескерткіштерге де кесірін тигізіп жатыр. Одан қалды, жақын маңдағы кен орнында ваннади өндіріледі. Тау-тасты жару кезінде жақпар тастар үгітіліп, бірнеше ғасырдың мәдениетін бейнелейтін құнды жәдігер жойылып барады. Бүгінде тау-тасты үңгіген кен орны алға жылжып, Сауысқандық шатқалына 1 шақырым ғана қалған.
– Ғалымдардың зерттеуі бойынша 2004 жылы 12 мыңға дейін петроглифтер болған. Табиғи факторлардың әсерінен жақпар тастар құлап, ескерткіштердің жоғалу қауіп туындап отын. Шындап келгендеғ бүгінгі тастағы суреттер саны 10 мыңға жетпеуі де мүмкін. Сондықтан дабыл қағып жатырмыз, – деді Тарихи-өлкетану музейінің ғылыми қызметкері Бекболат Әбуов.
Сауысқандық петроглифтері - орталық Азиядағы ең үлкен тарихи орын. Аумағы 70 шақырымға дейін созылып жатыр. Мұнда бірнеше ғасырдың мәдениетін бейнелейтін 10 мыңнан астам көрініс тасқа қашалған. Ғалымдар «бейнелер әйгілі таңбалы тастан кем түспейді» дейді. Бірақ қорғау тетігі нақты айқындалмаса, бірер жылда тастағы тарих түгелімен тып-типыл болуы мүмкін. Мәселемен жіті танысқан сенаторлар тасқа қашалған тарихты сақтап қалу үшін заңдық тұрғыда аянып қалмайтынын жеткізді.
– Археология бойынша арнайы заң жобасы дайындалып жатыр. Сыр өңіріндегі Қаратаудағы петроглифтер – біздің дәуірімізден бұрын тасқа түскен таңбалар. Өте құнды. Оны ЮНЕСКО-ға енгізу, сақтау, болашақ ұрпаққа жеткізу мәселесі өте өзекті. Бұл – бір ғана өңірдің қазынасы емес, Қазақстанның, ұлттың байлығы, – деді ҚР Парламенті Сенатының депутаты Дархан Қыдырәлі.
Тау-таста шашылған құнды қазына бірер жыл бұрын ЮНЕСКО-ның дүниежүзілік мұраларының алдын ала тізіміне енгізілген. Мамандар « атшаптырым аумақты қорық-мұражайға айналдыру жоспарда бар» дейді. Ол үшін тарихи мекеннің маңызын айшықтайтын заңды құжат қажет.
Асқар Сәрсенұлы, Т. Әділбекұлы, «Алматы» телеарнасы, Қызылорда облысы
Оқи отырыңыз: «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары»: Үкімет қабылдаған шаралар