|
04.10.2021 | 13:56
1375

Мұқағали Мақатаевтың 90 жылдығы туған жерінде атап өтілді

90 жылдықтың басты жаңалығы – Нарынқол төрінде бой көтерген ақын ескерткіші

Мұқағали Мақатаевтың 90 жылдығы туған жерінде атап өтілді

«Қараша келген шақтарда,

Құлазып тұрған бақтарда,

Жапырақ жайрап жатқанда,

Қурайлар сыңси қаққанда,

Есіңе мені алғайсың!». Осылай деп жырға қосып, өзін 21-ғасырдың құрдасымын деп кеткен ақиық ақын Мұқағалидың туғанына биыл – 90 жыл. Мерейлі мереке ақы туған Қарасаз төрінде өтіп, көпшілікті қара өлеңге қанық қылды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Алматыдан аттанған, Алтай мен Атыраудан асыға жеткен қауымды қара сөздің киесі қонған Қарасаз құшақ жайып, әндете-өлеңдете қарсы алды. Мерейтойдың алғашқы күнінде қонақтар ақын мұражайымен танысты. Сондай-ақ, көпшілік Мұқағалидың туған мекенінен сыр шертер «Қарасаз көшелері» фильмінің көрсетіліміне жиналды. Түртіп қалсаң, тауы мен тасы да өлең оқитын ауыл айрықша атмосфера, бөлекше қуанышқа бөлене кетті.

«Біреулер «Ғасыр ақыны» деп жатады. Ол ғасыр ақыны емес, ол – ғаламның ақыны. Ғасыр ақыны деп қалыпқа салуға болмайды. Өзіне сөз құдыретін Құдай бере салған ерекше тұлғалар болады, солардың арасында Мұқағали бір пайғамбарлық қасиеті бар ерекше, ерен тұлға», – деді ақын, ҚР Жазушылар одағы басқарма төрағасының орынбасары Бақыт Беделхан.

Мерейтойдың екінші күні «Алаш жырының ақиығы» атты ғылыми-тәжірибелік конференциядан басталды. Халықаралық деңгейдегі іс-шараға түркі әдеби әлемінің өкілдері қатысып, Мұқағали жырының 7 тілге аударылғанын сүйіншіледі. Сондай-ақ, Тәуелсіздіктің 30 жылдығы мен Мақатаевтың 90 жылдығы тұспа-тұс келген уақытта ұйымдастырылған байқаудың жеңімпаздары да Қарасаз төрінде марапатталды.

«Әкемізді халықтың өзі дәріптеп жатыр. Уақыт оның поэзиясының өміршеңдігін көрсетті. Оның әулетінің атынан біз өте ризамыз», – дейді М.Мақатаевтың ұлы Жұлдыз Мақатаев.

90 жылдықтың басты жаңалығы Нарынқол төрінде бой көтерген ақын ескерткіші. Аудан орталығындағы еңселі тас мүсіннің ашылуына ҚР Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаев пен ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова, сондай-ақ, Алматы облысының әкімі Амандық Баталов арнайы келді. «Өшпес мұра, өлмес өлең қалдырған Мұқағали алыстаған сайын, жақындай түседі», – дейді атқамінерлер.

«Хантәңірінің мәңгі мұз басып жатқан кеудесіне көктем орнатқан ақын Мұқағалидың 90 жылдық мерейтойы өтіп жатыр. Баршаларыңызды осы мерейтоймен құттықтаймын. Кішкентай кезімнен мен де осы Мұқағали өлеңдерін жастығымның астына жастап қойып, жаттап өстім, суындап өстім. Мен үшін Мұқағалидан асқан ақын жоқ болатын», – дейді ақын, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Мақпал Мыса.   

«Жаралған жан емеспін басы бөтен,

Туған жер, топырағыңды басып өтем.

Кеудемде қатып қалған бірдеңе бар,

Кім білсін, туған жердің тасы ма екен?!». Мұқағали туған топырақты басып, ол ойнаған қырды көрдік. Киелі мекеннің ауасымен тыныстап, тауына көз тастадық. Бұл мекен расында қастерлі, шынымен таңғажайып!    

Мадина Оқас, Медет Саматұлы, «Алматы» телеарнасы


Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир