Қазақстандық жас әнші ресейлік шоуда Меладзенің командасына қосылды (видео)

02.11.2019 19:11

Полина Николай Зубовтың «Не уходи, побудь со мной» романсын орындады

Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны Полина Тырина Ресейдегі «Голос» шоуының қарамай таңдау кезеңінен өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Полина Николай Зубовтың «Не уходи, побудь со мной» романсын орындады.

«Сіздің «Не уходи, побудь со мной» деп сенімді әндеткеніңіз соншалық, мен оны маған арналып тұр деп шынайы қабылдадым. Мен кетпеймін, сізбен жұмыс істеуге дайынмын», - деді композитор әрі продюсер Константин Меладзе.

Ресейдің Бірінші арнасына берген сұхбатында Полина бала күнінен концерттерге, ән кештеріне қатысатынын айтты.

«Неліктен музыкалық біліміңіз жоқ деп жұрттың бәрі сұрайды. Мамандық таңдау мәселесі тұрғанда өзіме сенімді болған жоқпын. Бала тапқан соң ғана тек музыкамен айналысуым қажет екеніне көзім жетті», - деді Полина.

Полина Тырина – «Almas» дуэтінің қатысушысы. Әсем Әбдіқасымовамен бірге 9 тілде: қазақ, орыс, ағылшын, француз, португал, итальян, испан, поляк, украин тілдерінде ән айтады. 2019 жылдың басында олар «FRANÇAIS À LA KAZAKH» («ҚАЗАҚША ФРАНЦУЗ ТІЛІ») атты бірегей альбомын шығарды.

Оған француз тіліне аударылған қазақтың 5 халық әні, олардың тұпнұсқалары, сондай-ақ бұрын жарияланбаған французша 5 авторлық әні кірді.

Полина Астанадағы политехникалық колледжді бітірген, туризм менеджері. Ф.М. Достоевский атындағы Омбы мемлекеттік университетін бітіріп, журналист дипломын алған.

Бірақ мамандығымен жұмыс істемеген. Өзінің айтуына қарағанда, музыкаға бүйірі бұра беріпті.