Жандарбек Бұлғақов: Әселхан апамыз мені сахнадан қуып жіберген

almaty.tv
almaty.tv
Жақында Ж. Бұлғақовтың «Сөз менеджменті» атты кітабы шықты
Жаңалықтармен бөлісіңіз

«Алматы» телеарнасындағы «Шынайы Ақберенмен» бағдарламасы үзілістен кейін көрерменге қайта жол тартты. Жаңа маусымның алғашқы қонағы – ақын Жандарбек Бұлғақов. Ол бағдарлама барысында қазақ өнерінің қаймағы саналатын ақындыққа келу себебі, айтыс алдындағы дайындық, Алматыға қоныс аудару себебі, шешендік өнер жайлы сөз қозғады, деп хабарлайды Almaty.tv

Жақында ақын Ж. Бұлғақовтың «Сөз менеджменті» атты кітабы шықты. Ол ертеден келе жатқан шешендік өнер жайлы кітапты жазуына не түрткі болғанын айтып берді. 

«Шешендік өнерге байланысты ізденіс жасайын десем, XVII ғасырдағы билер мен шешендердің кітабы ғана бар. Қазіргі заманға бейімделген ешқандай оқулық жоқ. Көптеген шетелдерде шешендік өнер арнайы пән ретінде жүреді. Бұрын қазақ баласын тәрбилегісі келсе, отырғызып алып, оған өмір туралы әңгіме айтып отырмаған. Үйге аузы дуалы би, не шешен келген уақытта әлгі бала оған қызмет ете жүріп, атын кермеге байлап, қолына су құйып, жақсы әңгімелер естіген, содан ой түйген. Кейін Кеңес Одағы тұсында дастарханға арам су келді, біреудің әйелімен біреу вальс билей беретін болды, бейәдіп анекдоттар да айтыла беретін болды. Содан қонақтар келгенде, балаларды басқа бөлмеге отырғызып, шығармай қою әдетке айналды. Қонақтың қызметінде жүрмеген бала, есті әңгіме тыңдамаған бала ертең ойын анық жеткізе алмайды, жасық, сөзінің басы бар, аяғы жоқ, пікірі қалыптаспаған тұлға болып шыға ма деп ойлаймын», – деді ақын.

Осындай қауіптен соң ақын сөйлеуді үйрететін кітап жазуға бел буғанын айтады.

«Сондықтан «Сөз менеджменті» өте қарапайым түрде сөйлеуге дейін, сөйлеу барысы және сөйлеуден кейінгі аудиториямен жұмыс қалай болады деген сұрақтарға жауап береді. Біз 14-15 жасымызда айтысқа шықсақ, бәрі жетістіктерден тұрды деп айта алмаймын. Айтысты тоқтатып, сахнадан қуып жіберген сәттер де болды. Әселхан апамыз кезінде сөйтіп мені қуып жіберген. Бір сөз айтып, таяқ жеген кезіміз де болды, бір сөз айтып, мәртебеміз асқақтаған кез де болды. Қазақтың атпалдай азаматтары, кәсіпкерлері шешендік өнерді шетелдік ораторлардан үйреніп келіп жатады. Бірақ олардың танымы, менталитеті басқа. Сондықтан бұл – өзіміздің дүниетанымымызға, психологиямызға негізделіп жазылған кітап, бағыт-бағдар десем болады», – деді Ж. Бұлғақов.

Жандарбек Бұлғақовпен болған сұқбаттың толық нұсқасын мына жерден көре аласыздар.

Новости партнеров