Алматыда тарихшы ғалым Манаш Қозыбаевты еске алу шарасы өтті

10.11.2021 19:18

Профессордың шығармашылығы мен еңбек жолын дәріптеген жиында кітап көрмесі де ұйымдастырылды

Almaty.tv

«Тарих ғылымының тарланы». Осындай атаумен бүгін Ұлттық кітапхананың үлкен залында тарихшы ғалым Манаш Қозыбаевты еске алуға арналған дөңгелек үстел өтті. Профессордың шығармашылығы мен еңбек жолын дәріптеген жиында кітап көрмесі де ұйымдастырылды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.      

Қазақстандық тарих ғылымының көрнекті өкілдерінің бірі, отандық білімнің ірі ұйымдастырушысы саналатын Манаш Қабашұлы тәуелсіз ел тарихы туралы тың деректер қалдырған. Ол 800-ден астам ғылыми жұмыс пен 30 монографияның авторы.

Одан бөлек, 50-ге тарта ұжымдық жұмысы мен оқу-әдістемелік құралдары да аса ірі көлемдегі зерттеу еңбегі болып саналады.

«Манаш Қабашұлының артында өлмес, өшпес мұра қалды. Бұл мұраны игеру – бүгінгі жас ұрпақтың басты парыздарының бірі. Әсіресе, Манаш Қабашұлының шығармашылығының терең құндылығы – ол кісінің ұлт тарихының барлық саласы бойынша қалам тербегендігінде», – деді тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Зира Төленова.

Бүгінгі іс-шара Манаш Қозыбаевтың ғылыми-педагогикалық жұмысына жасалған шолумен басталды. Сондай-ақ арнайы ұйымдастырылған кітап көрмесінде академиктің мерзімді басылым беттеріндегі көлемді туындылары қойылған.

«Манаш Қабашұлы мені ғылым жолына жетелеген ұстаз болды. Ғалым, ұстаз ретінде ол кісі қатал болды. Адамға талап қоя білді. Болмысында өзі адам тани білетін адам еді», – деді ҚызПУ доценті, тарих ғылымдарының кандидаты Факия Шамшидинова.

Айта кету керек, Ұлттық кітапхана қорында Манаш Қозыбаевтың өмірі мен шығармашылығы туралы 2000-ға жуық басылым сақталған. Сондай-ақ автордың монографиялары мен ғылыми еңбектері де осында қойылған.

Мадина Оқас, Ялкунджан Әшімжанов, «Алматы» телеарнасы