Қалада 26 мәдени-танымдық нысан бар
Әлемдегі барша музей қызметкерлері кәсіби мерекесін тойлады. Айтулы күнде Алматының Орталық мұражайы да өз келушілеріне жаңа бағдарламаларын ұсынып, арнайы ойындар өткізді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
270 мыңға жуық экспонатты сақтап отырған Орталық музей күні кеше өз қонақтарына есігін айқара ашып, мерекені барынша кең атап өтуге күш салды. 3 қабатты ғимараттың әр зал, әр бұрышы қолөнершілер мен сурет көрмесіне толды. Кештің салтанатты ашылуы марапаттаудан басталды.
«Музей түнінде балалардың арасындағы республикалық фестивальдің қорытындысы шығарылды. Мұнда 16 номинация бойынша балаларымыз марапатталды. Оның бір ерекшелігі – оны аға-апаларымыздың өздерінің келіп тапсыруы», – деді ҚР Мемлекеттік Орталық музейінің директоры Рашида Харипова.
Музейдегі түннің негізінде мұнда жаңа коворкинг орталық ашылды. Балалардың бастамаларын қолдау мен олардың зияткерлік дамуына бағытталған нысан өз қонақтарын қаржылық сауаттылыққа да үйретпек. Танымдық сабақтар тегін өтеді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, балдырғандарға жасалған сый 25 жылдық мерейтой аясында іске асып отыр.
«Өте қуаныштымыз. Осы жерге балалар келіп, өздерінің сүйікті жұмысымен айналысып, оның сыртында қаржылық сауаттарын ашады деп сенеміз. Соған тілектеспіз», – деді микроқаржылық ұйымның төрағасы Шалқар Жүсіпов
Мұражайдың тарихи құндылықтарымен танысуға келгендер үшін мұндағы мұралардың да қатары көбейген. Экспонаттардан бөлек, көпшіліктің назарына тақырыптық қойылымдар да ұсынылды.
Сәукеле – ұзатылған қыздың бас киімі. Кей деректерде оның құны 500 байталға дейін бағаланған. Мен тұрған мына зал осындай қазақы ұғымдар мен ұлттық құндылықтарды таныстырады. Ал мұнда келген көрермен Қазақтың баланы бесікке бөлеу, жіп иіру, тоқыма тоқу сынды күнделікті тұрмысын көргеннің өзі қуаныш сыйлайды дейді.
«Оқушылармен келдік бүгін осы мұражайға. Көңіл-күйіміз өте көтеріңкі. Оқушылардың бәріне бүгінгі мереке ұнады. Өз жұмысын көрермендерге ұсынып, көрмеге қойдық», – қала тұрғыны Салтанат Әбділдина.
«Ең үлкен музейге келдік. Баламды, келінімді, семьямызбен келіп, тамашалап жүрміз. Аралап көрдік түгел, жақсы», – деді қала тұрғыны Оралхан Әубәкірова.
Дәстүрлі «Музей түні» кеше Алматыдағы барлық мұражайда өтті. Қалада 26 мәдени-танымдық нысан бар.
Мадина Оқас, Сағынғали Мұңайтбасов, «Алматы» телеарнасы