Алматыда әйгілі балуандар туралы кітаптың таныстырылымы өтті

15.03.2022 18:51

«Балуан тас» атты екі томдықта көне түркі-ислам дәуіріндегі қара күш иелерінің өмір салты баяндалады

Almaty.tv

Алматыда алып күшімен танылған балуандар туралы құнды кітаптың таныстырылымы өтті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Экзистенциялық бағытта жазылған «Балуан тас» атты екі томдықта көне түркі-ислам дәуіріндегі қара күш иелерінің өмір салты, олардың тұрмысқа сіңген еңбегі  баяндалады. Сонымен қатар күрес өнеріне қатысты аңыз-әфсаналар, ел аузындағы әңгімелер мен тарихи деректер енгізілген. Кітаптың әрбір томы 1 мың данамен жарық көрген. Оқырман жаңа бағыттағы туындыны Алматы қаласының кітапханаларынан таба алады.  

«Бұған дейін мұндай кітап болған емес. Болса да тек спорттық жағынан қамтылған. Бұл жерде палуандардың жан-дүниесіне, олардың артында қалған ізіне, ел үшін жасаған істеріне баса мән беріледі», - деді автор, мәдениеттанушы Абылайхан Қалназаров.