Астанадағы театрдың біріне ұлттық мәртебе беріледі

23.06.2023 19:28

Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі мәлімдеді

Ақорда

Астанадағы Қалибек Қуанышбаев атындағы өнер ордасына ұлттық мәртебе беріледі, деп хабарлайды Almaty.tv.

Тиісті Жарлық қазан айында Республика күнінің қарсаңында жарияланбақ. Шығармашылық ұжымды қуантқан ақжолтай хабар кеше мемлекет басшысымен кездесуде айтылды. Қасым-Жомарт Тоқаев театрда сахналаған «Жошы хан» спектакліне арнайы барған еді. Тарихи туынды «Шыңғыс ордасы» мен «Қазақ ордасы» атты екі бөлімнен тұрады. Қойылымда Шыңғыс хан мен ұлы Жошы арасындағы қарым-қатынас, олардың ел басқару ісіндегі қабылдаған шешімдері мен өмірінің белгілі кезеңдері кеңінен суреттеледі. Ал, көрерменмен бірге спектакльді тапжылмай отырып тамашалаған Президент қойылымға жоғары бағасын берді.

«Құтты болсын! Өте керемет қойылым болды. Шын мәнінде, пьесаның тақырыбы өте маңызды, өзекті. Мұндай туындылар халқымыз үшін қажет деп ойлаймын. Пьесаның тілі, мәтіні өте жақсы жазылған. Әртістердің бәрі жақсы ойнады. Шеберлігі мықты екен», – деді Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Теги: мәртебе