|
28.10.2019 | 16:02
6815

«Бала даусы – 2019» байқауы өз мәресіне жетті

Бақытжан Сағынтаев шараның жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын атап өтті

«Бала даусы – 2019» байқауы өз мәресіне жетті

Биыл төрінші жыл ұйымдастырылып отырған конкурсқа еліміздің барлық өңірінен 5 мыңнан астам үміткер қатысты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Өткен демалыста оза шапқан жеткіншектерді марапаттау рәсімі Алматыдағы республика сарайында өткен болатын. Айтулы шараға жоба авторы Әлия Назарбаева, еліміздің Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова және қала әкімі Бақытжан Сағынтаев қатысты. Жеңімпаз «Шабыт» ұлттық өнер университетіне грантқа оқуға түсіп, Токиодағы диснейлендке жолдама алды.

Биылғы «Бала даусы»-ның ақтық мәресіне 17 жеткіншек өткен. Марапаттау рәсімін былтырғы финалистер ән шашумен ашты. Содан кейін, музыкалық спектакль қойылды. Онда арманға жетелейтін көріністерді байқауға болады. Мұрат мақсатқа, мақсат жоспарға айналып, оған қол жеткізу жолында ерінбей еңбек етуді ұғындыратын қойылым жарты сағатқа созылды.  

Одан кейін әр финалист тәлімгерлерімен сахнада ән айтты. Жеткіншектерді Серик Ибрагимов, Әли Оқапов және Маржан Арапбаева сынды Қазақстанның өнер жұлдыздары дайындаған. Алғаш болып сөз алған жоба авторы Әлия Назарбаева ақтық мәреге өткендерді құттықтап, оларға сәттілік тіледі.

«Құрметті ата-аналар, осындай тәтті балаларды тәрбиелеп шыққандарыңызға алғыс айтамын. Олар – өте талантты жандар. Әрқайсысы өнер жұлдызы болуға лайық. Бүгінгі финалистердің барлығы жеңімпаздар. Ал жеткіншектерді дайындаған тәлімгерлер, еңбектеріңіз елене берсін. Шәкірттеріңіз өздеріңіз сияқты белестерді бағындырып, Қазақстанның атын әлемге танытсын дегім келеді», - деді «Бала даусы» жобасының авторы Әлия НАЗАРБАЕВА.

Ал, Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев бүгінгі шараның жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын атап өтті. Әуелгі қойылмының жақсы әсер қалдырғанын жеткізді. Қала басшысы  дәл осындай рухани азық алатын концерттерге жиі бару керек дейді. Сонымен қатар, жеткіншектің талантын ашу ата-ананың таптырмас қасиеті екенін баса айтты.

«Іңгәлап дүниеге келген сәбидің даусынан артық дауыс жоқ өмірде. Сол себептен де сол дауысты таба білетін, түсіне білетін уақытында көре білетін ол – ата-ана. Біздің жұлдыздардың талантын дер кезінде көре білген ата аналарға мың да бір рахмет», - деді  Алматы қаласының әкімі  Бақытжан САҒЫНТАЕВ.

Мәртебелі меймандардың құттықтауларынан кейін марапаттау рәсімі басталды. Алдымен барлық 17 финалистке синтезатор мен статуетка табысталды. Сонымен қатар, бағалы сыйлықтар да қарастырылған екен. Ал 17 үздіктің ортасынан оза шапқан жеткіншек елордадағы Шабыт ұлттық өнер университетіне грантқа оқуға түсіп, токиодағы диснейлендке жолдама алды. Гран при иесінің есімін «Бала даусы» жобасының авторы Әлия Назарбаева өзі атады.

«Білім алу гранты Мейрамбек Шалқарбаевқа тапсырылады», - деді «Бала даусы» жобасының авторы Әлия НАЗАРБАЕВА.

«Балаларды осындай шыңға жетелейтін конкурсты ұйымдастырып отырғанына үлкен рахметімді айтамын. Осы жердегі барлық финалистер барлығымыз жеңімпазбыз деп ойлаймын. Сондықтан барлықтарыңызға көп-көп рахметімді айтамын», - деді «Бала даусы – 2019» байқауының жеңімпазы Мейрамбек ШАЛҚАРБАЕВ.

Еске салайын, «Бала даусы» конкурсы биыл 4-ші жыл өтуде. Оған еліміздің әр өңірінен 5 мыңнан аса үміткер қатысып. Үздік деп танылған 17 жеткіншек ақтық мәреге жолдама алды.

Өмір Әнуарбек, Нұржан Оразбеков, «Алматы» телеарнасы

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир