Алматыда «Анна Каренина» романының тұсаукесері өтті

04.11.2022 19:31

Кітап Ғали Ормановтың 115 жылдық мерейтойына орай қайта басылып шықты

Almaty.tv

Белгілі ақын, аудармашы, журналист Ғали Ормановтың 115 жылдық мерейтойына орай оның Лев Толстойдан аударған  «Анна Каренина» романының қазақ тіліндегі кітабы қайта басылып шықты, деп хабарлайды Almaty.tv.

Аталмыш туынды Алматы және Жетісу облысы әкімдігінің қолдауымен «Мазмұндама» баспасында жарық көрген. Оқырманға ой салар туындыны ақын автордың өзіндік стильдік ерекшелігін сақтай отырып, шебер аудара білген. Алғашында 500 данамен шыққан еңбек кейіннен оқырмандардың сұрауы бойынша 2000 тиражға жеткен.

«Биыл 115 жылдығы аталып өтілді. «Анна Каренина» романының тұсаукесері – Алматы қаласындағы алғашқы шараның бірі. болады. Әрине бүгінгі кешке шақырылғандар ақынның туған жері Ақсу ауданы Қапал, Қоңырдан, Жетісудан арнайы делегация келіп отыр. Сонымен қатар, Астанадағы мектептің атынан да біраз делегация келді. Ата еске алып, естеліктер айтылады», – деді Ғ. Ормановтың жиен немересі Айдар Қырықбайұлы.

Ақынның аударма саласына сіңірген еңбегі орасан зор. Ол қырғыздың «Манас» эпосының бірінші кітабын, Пушкиннің «Қола шабандоз» туындыларын қазақ тіліне тәржімалаған. Іс-шара барысында Ұлттық кітапханада «Сырлы сезім ақыны» атты Ғали Ормановтың шығармашылығы мен өміріне арналған кітап көрмесі ұйымдастырылды.      

«Ғали Орманов өз дәуірінің ақыны. Сонымен бірге оның шығармаларында отан, туған жер, адамгершілік тақырыбы, табиғат сынды түрлі мәселелер көтерілді.  Ғали Орманов шығармаларының жастарға берері бірінші кезекте отанды сүю, патриотизм. Қазіргі таңда біз айтып жүрген Қазақстандық патриотизм», – деді М. Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының бас ғылыми қызметкері Гүлжахан Орда.