Іс-шараға Алматы әкімдігі қолдау білдірген
Алматыда «Алаштың азаттық рухы» атты халықаралық жыр мүшәйрасының қорытынды концерті болды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Алатау дәстүрлі театрында өткен рухани кеш ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсыновтың 150 жылдығына арналды. Сондай-ақ мүшәйраға тағы қос тақырып тәу етер тәуелсіздік және Алматы қаласының тарихи рөлі арқау болған. Ақындар әсем қаланың сәулеті мен дәулетін, әлеуметтік және экономикалық дамуын оқырман қауымға поэзия тілімен жеткізді. Жалпы 6 айға созылған байқауға 150 ақын қатысты. Ақтық мәреге 18-і жолдама алды. Шараға Алматы әкімдігі қолдау білдірген.
«Бас жүлде – 1,5 млн теңге. Бірінші орын – 1 млн теңге. 2 орын – 700 мыңнан екеу. Үшінші орын үшеу, 500 мың теңгеден. 10 ынталандыру сыйлығына 100 мың теңгеден беріледі. Алаш сыйлығының, «Құрмет» орденінің иегерлері, Жазушылар Одағының мүшелері, халықаралық болғандықтан Өзбекстаннан Наурызбай Жарболсынұлы қатысады. Қалғаны біздің еліміздің түкпір-түкпірінен келді», – деді «Алаштың азаттық рухы» халықаралық мүшәйраның ұйымдастырушысы Айнұр Жұмаш
«Жыр мүшәйрасы жарияланғанына біз ақындар өте қуаныштымыз. Алаштың азаттығы дегенде, азаттық рухы дегенде Алаш арыстары тұрады көз алдымызда. Ахмет Байтұрсынұлы, Әлекең, Ақаң, Жақаң дейміз ғой. Қаншама көрермендерді жинап, мереке өткізейін деп жатыр. Бұған енді рахмет айтпағанда, алғыс айтпағанда не істейді? Кейде ақындар елемей жатыр, көрмей жатыр деп ренжитініміз де бар», – деді ақын Қорғанбек Аманжол.