Кеш соңында көпшілік көкейдегі сұрағын қоюға мүмкіндік алды
Алматының «Алатау» дәстүрлі өнер театрында жазушы, этнограф, қазақы дәстүрдің қаймағын бұзбай кейінгі ұрпаққа жеткізіп келе жатқан Зейнеп Ахметовамен кездесу өтті, деп хабарлайды Almaty.tv.
Бауыржан Момышұлының қолына су құйып, батасын алған келіні күні кеше өткен кеште ұлттық қадір-қасиет пен құндылық төңірегінде сөз бастады. Жиынға келгендердің дені – жастар. Ұйымдастыруышлардың айтуынша, Алматыда алғаш рет өткізіліп отырған ауқымды іс-шараның «Көптен күткен кездесу» деп аталуының да өзіндік мәні бар.
– Менен «Күретамырды» алып, оқыған жастар апаны іздейді. Кітабын оқыған оқырмандар апамен жүздескісі келеді, қолтаңба алып, тілек естігісі келеді. Сол себепті осындай кездесу өтуі керек еді, – деді журналист Айгүл Болатханқызы.
Кездесуде салт пен дәстүрден бөлек, батыр Бауыржан Момышұлы туралы құнды естеліктер айтылды. Сондай-ақ келген көпшілік кеш соңында көкейдегі сұрағын қоюға мүмкіндік алды. Қоса кетейік, кештің басты ұйымдастырушылары – Алматы қаласының әкімдігі мен Adyrna қоғамдық қоры.
– Алматыда университеттерде, мектептерде бұл кісімен шағын кездесу өткен. Бірақ бірде-бір рет қала жұртшылығымен ауқымды деңгейде кездесу ұйымдастырылмаған. Бұл кісінің 70 жылдығы да, 75 жылдығы да тойланбаған, еленбеген. Бес кітаптың авторы болса да, кітаптарының тұсаукесері өтпеген, – деді «Adyrna» Ұлттық-этнографиялық бірлестігі» қоғамдық қорының жетекшісі Арман Әубәкір.