Алматы белсенділері Абай шыңын бағындырды

12.08.2019 21:40

Абай шыңын бағындырушылар алдымен 19 шақырымды арнайы көлікпен, қалған 7 шақырымды жаяу еңсерді

Ұлы Абайдың мерейтойына тарту. Белсенді алматылықтар осы сенбіде Абай шыңын бағындырды. Алдымен ақынның әндерін шырқаудан бастаған олар арқанды жолмен Талғар асуына барды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Ұйымдастырушылар әлеуметтік желіде хабарлаған шарада бас-аяғы 100-ге жуық адам ағартушы-ақынға осылайша құрмет көрсетуге тырысыпты.

«Қазір Талғар асуына барамыз. Ол жақтан бізді альпинистер күтіп алады. Ары қарай барлығымыз бірге Абайдың шығармаларын, қара сөздері мен өлеңдерін оқып, Абай асуына барамыз. Сол жақта тағы да Абайдың шығармаларын оқуды жалғастырамыз», – деді «Jas Otan» жастар қанатының белсендісі Нұрсұлтан БАЙЖАНОВ.

Абай шыңын бағындырушылар алдымен 19 шақырымды арнайы көлікпен, қалған 7 шақырымды жаяу еңсерді. Айта кетейік, аталған асу теңіз деңгейінен 4 мың 10 метр биіктікте орналасқан.