Алматыда «Ұлы дала – көшпенділер әлемі» этнофестивалі өтеді

04.06.2019 19:42

2gis.kz

Алматы қаласы «Боралдай» сақ қорғандарында «Ұлы дала – көшпенділер әлемі» этнофестивалі өтеді.

«Шара аясында Қазақстанның 7 дүркін, Әлемнің 2 дүркін чемпионы және 2 дүркін Гиннес рекордтар кітабына енген Сергей Цырульниковтың бастауымен алыптар тобы шоу-бағдарлама ұсынады. Олар күш сынасу, шеге қағу, темір майыстыру, кір көтеру бойынша сайысқа түседі. Орасан күш иесі Сергей Цырульников шеберлік сыныбын өткізіп, көрермендер үшін арнайы жарыс ұйымдастырады», - делінген хабарламада.

Ал Мажарстаннан келген қонақтар Андраш Бироның бастауымен ат үстіндегі әскери ойындарға қатысып, Бурят шаманы Вэлигто Бадмаев ыстық таспен аластау рәсімін жүргізеді.

Сондай-ақ ,Башқұртстаннан келген мергендер «Мэргэн уксы» атты жаяу және ат үстінде садақ ату өнерін көрсетсе, қырғыз елінен келген «Салбуурун» командасы қыран құстар мен тазы құмайлардың көмегімен аң аулау шеберлігін ұсынады.

Айта кетейік, этнофестиваль 7-8 маусым күндері өтеді. Осы екі күн ішінде қала тұрғындары мен қонақтарына түрлі концерттер, жәрмеңкелер мен ұлттық ойындарды көруге мүмкіндік туады.