«Астана Опера» балет труппасының жетекші солисі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Тайыр Ғатауов 10 маусым күні қайтыс болды. Жақында белгілі әртіс жол апатына ұшыраған еді, деп хабарлайды Almaty.tv ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Тайыр Ғатауовтың есімі қазақстандық балет жылнамасына мәңгілікке жазылды, оның еңбегі баға жетпес: ол елордадағы хореографиялық өнердің негізін қалаушылардың бірі болды. Оның гастрольдік кестесі ауқымды еді, солист Қазақстанның мәртебесін шетелде асқақтатып, Франция, Венгрия, Италия және басқа елдерде өнер көрсеткен. Көптеген халықаралық байқаулардың лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Дебюттер достастығы» ТМД жастар сыйлығының лауреаты – оның марапаттар тізімін ұзақ жалғастыра беруге болады.
«Тайыр Ғатауов би ұстазының отбасында дүниеге келген, әкесі бала күнінен бастап заманауи және халық билеріне деген махаббатты бойына сіңдіріп, А.Селезнев атындағы хореографиялық училищеге оқуға берген. 2003 жылы училищені үздік тәмамдаған соң Тайыр Күләш Байсейітова атындағы ұлттық опера және балет театрының солисі атанды. Сол жерде 10 жыл еңбек етті. Ал 2013 жылы «Астана Операның» жетекші солисі болды. 2007 жылы аты аңызға айналған миландық Ла Скала театрында (Италия) тағылымдамадан өтті. 2018 жылы Қазақ ұлттық хореография академиясын тамамдап, «Өнертану ғылымдарының магистрі» біліктілігін алды», - делінген театрдың баспасөз қызметінің ақпаратында.
Тайыр Ғатауов жарқын да ұмытылмас бейнелер галереясын жасады. «Астана Опера» өнерсүйер қауымының жадында ол П.Чайковскийдің «Аққу көліндегі» Зигфрид, П.Чайковскийдің «Щелкунчик» балетіндегі ханзада Щелкунчик, Л.Минкустың «Баядеркасындағы» Солор, Л.Минкустың «Дон Кихот» балетіндегі Базиль ретінде және өзге де көптеген тамаша партиялармен қала бермек.
«Оның асқақ армандары, жоспарлары көп еді, әттең, ойда жоқта өмірі тоқтады. Қош бол, біздің Тайыр», деп еске алады әріптестері.
«Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театрының ұжымы Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Тайыр Талғатұлы Ғатауовтың қайғылы қазасына байланысты марқұмның туыстары мен жақындарына көңіл айтады.