Басты рөлді жас балет солисі Ақыл Жуас сомдап шықты
Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрында көрермен назарына қазақ ауыз әдебиетінен көпшілікке таныс, балаларға арналған «Алдар көсе» ертегісінің желісі бойынша қойылым ұсынылды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Бұл – еліміздегі қазақ тіліндегі шығармаға негізделген алғашқы балет туындысы. Қойылымды осыдан 30 жыл бұрын қазақ балетмейстері Ментай Тілеубаев композитор Алмабек Мейірбековпен бірге бастаған еді. Араға ширек ғасыр салып, оның ұлы Майлен Тілеубаев қайта қолға алып, сахна төріне шығарды.
– Бұл қойылымды дайындау кезінде көп әдебиетті ақтардық. Атап айтсақ, белгілі жазушы, аудармашы Алтай Константиннің кітабы оқыдық. Сондай-ақ әрі режиссер, әрі басты рөлде сомдаған Шәкен Аймановтың «Алдар Көсе» фильмі желісіне сүйендік. Актер кинода рөлін шебер сомдаған. Шәкен Айманов – менің өнердегі кумирім, – деді «Алдар көсе» балалар балетінің балетмейстері Майлен Тілеубаев
Алдар Көсе қазақ әдебиетінде жарлы мен кедейлерге көмек көрсететін, сараң байларды тақырға отырғызған кейіпкер ретінде таныс. Шығарма балет театрының сахнасында сан-түрлі бояумен, қимыл мен музыка арқылы бір арнаға тоғысқан жарқын туынды ретінде көрсетіледі. Қойылымда басты рөлді Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрының жас балет солисі Ақыл Жуас сомдап шықты.
– Алдар Көсе балетіне мені Гүлжан Сүлейменовна таңдады. Себебі күлкім ұнады. Күлкілі, қорқынышты жерлерді би, іс-әрекет, ымдау арқылы көрсетеміз, – деді Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрының әртісі Ақыл Жуас.
Оқи отырыңыз: Біржан-Сара ізімен: Мұрадым Мирланов пен Жұлдыз Қожабекова айтысты