Студенттерге арналған «Болашаққа көзқарас» байқауының жеңімпаздары анықталды

Almaty.tv
Almaty.tv
Байқауға Алматы университтерінің арасынан 234 студенттен өтінім түскен
Жаңалықтармен бөлісіңіз

«Болашаққа көзқарас» байқауының жеңімпаздары анықталды. Алматыда жоғары оқу орындары студенттерінің арасында шығармашылық конкурс ұйымдастырылған еді. Мақсат – жастар арасындағы белсенділікті арттыру, шығармашыл студенттерді қолдау, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Байқау қалалық қоғамдық даму басқармасының қолдауымен ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай ұйымдастырылды.     

Ақтілек Бисембай – «Болашаққа көзқарас» байқауының 1-орын жүлдегері. Атырау өңірінің тумасы өз ауданында меценаттардың көмегімен ауыл балаларына спортзал ашып бергенімен мақтанады. Көпке үлгі боларлық бұл ісі расымен де мақтануға тұрарлық. Бүгінде тұрақты спорт секцияларына барып жүрген балалардың арасында Қазақстан чемпионы атанып үлгерген жас өрендер де бар екен.    

«Ауылымда ешнәрсе жоқ екені маған қатты батты. Ауыл – таланттардың мекені дейміз, бірақ таланттар да жағдай жасалмаса өшеді, өледі. Бұл ауылда менің атам тұрған кезде ештеңе болмаған, әкем болған кезде де ешнәрсе болмаған. Осындай жазбаларды жаза бастадым, осы жазбаларым көпшілікке ұнап, кәсіпкерлер қаржы бөле бастады», – дейді әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің магистранты Ақтілек Бисембай.

Ал менеджмент университетінің 1-курс студенті Алиша Ахметжанова байқауда 2-орынды жеңіп алды. Студент жас та болса, болашаққа үлкен үмітпен қарайды. Ол қоғамдық жұмыстарда белсенді. Бүгінде ата-ана қарауынсыз қалған балалар оны қатты алаңдатады. Оларға өз әке-шешесі беретін жылулық орнын толтыра алмаса да, барынша қамқорлық көрсетуге тырысып-ақ жүр. Сондай-ақ Алиша өз шығармасында қазіргі білім мүмкіндіктерін де айрықша көрсеткен.

«Білім саласын өткен жылдармен салыстыратын болсақ, қазір жастар үшін әлдеқайда мүмкіндік көп. Анамның айтуынша, бұрын студенттер тек ел аумағындағы біліммен шектелетін. Ал қазір қалай? Адам аяғы баспаған, аналарымыздың қиялы жетпеген шетелдік универстеттерге бармай-ақ, елімізде отырып тәжірибе алмасуға болады. Бұл Тәуелсіздік сыйлаған сый деп атар едім», – деді Алматы менеджмент университетінің 1-курс студенті Алиша Ахметжанова.      

Университет оқытушылары да Алиша көп студенттің арасында ерекше белсенділігімен көзге түскенін айтады.

«Алиша Ахметжанова – бірінші күннен-ақ өзін жақсы жағынан көрсете білді. Оның маған ұйымдастырушылық қабілеті ұнайды. Кез келген тақырыпта еркін ой қозғай алады. Оның болашақта биік белестерді бағындыратынына сенімім мол», – деді Алишаның оқытушысы Дамира Әубәкірова.

«Болашаққа көзқарас» байқауының үштігін Томирис Қарашина қорытындылады. Ол жан-жақты білімді адам кез келген бағытқа бейімді болады деген пікірде. Ғылым мен білім жолына түскендер түптің түбінде жемісін көреді дейді студент. Оның арманы – «Qazaqstan» деп таңбалаған өнімді әлемдік деңгейге көтеру.

«Білім жүйесіндегі маған ұнайтыны, бакалавр мен магистратураға тапсырушылардың тесті онлайн өтеді. Бұрын біз ҰБТ-тапсырған кезде парақты бояп, уақыт кетіретін едік, ал қазір бәрі электронды форматта өтеді. Бұл әділ әрі ашық өтеді деп айта аламын», – деді Алматы энергетика және байланыс университетінің 3-курс студенті Томирис Қарашина.

Айта кетейік, байқауға қала университтерінің арасынан 234 студенттен өтінім түскен. Үздік шығарманы анықтаудағы негізі талап – студенттердің ойын ашық жеткізуі және қоғамдық маңызы бар әлеуметтік істерге қатысуы назарға алынды. Олардың еңбектерін тәуелсіз сарапшылардан құралған педагогиканың жетекші мамандары бағалады. Жеңімпаздар қалалық қоғамдық даму басқармасының қолдауымен алғыс хат және ақшалай сыйлықпен марапатталады.

Ұлағат Арғын, Медет Саматұлы, Сағынғали Мұңайтпасов, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров