"Рахат-Лукум" тобының бұрынғы мүшесі Влада Белая KAZ.NUR.KZ порталына арнайы сұхбат беріп, өзінің музыкалық ұжым құрамына кірмегені туралы айтқан продюсері Ерлан Көкеевтің сөзіне пікір білдірді.
Влада Белая танымал продюсермен не себепті келісімшартқа отырмағанын түсіндіріп берді.
"Бірден жауап берейін, ол маған бірнеше мәрте менің құрамда екенімді айтқан болатын. Келісімшартқа шынымен қол қоймадым. Себебі онда әртіске сай келмейтін қатаң тәртіптер бар", - деп бастады ол әңгімесін.
"Рахат-Лукум" туралы бар шындықты жайып салған Белаяның жазбасынан кейін топ продюсері Ерлан Көкеев бойжеткеннің негізгі құрамда болмағанын, оның сынақ мерзімінде жүргенін айтып ақталған болатын.
Дәлел ретінде ол "Рахат-Лукумның" өткен жылдың соңында шыққан бейнебаянын ұсынды.
"Бұл жерде өкінішке орай ол қыз жоқ. Болуы да мүмкін емес еді", - деді Көкеев.
Алайда, бойжеткен өзі түскен топтың өзге бейнебаяндары бар екенін айтты.
"Ол кісі жіберген клип, екеуміз алғаш рет танысқан күні түсірілді. Ол кісімен танысуға келгенмін. Яғни, бейнебаян менің көзімше түсіріліп жатты.
Сондықтан бұл клипте болмауым түсінікті жағдай.
Ол кісі ішінде мен бар басқа бейнебаянды немесе "Хабар" мен "Бірінші арнадағы" жаңажылдық түсірілімдерді неге жібермеді? Ол жерлерде мені топтың мүшесі деп атады", - деді Влада.
Оған қоса, әнші қыз өзінің жұмыстан қуылғаны жөнінде де пікір білдірді.
"Ол кісі мені өзіме ескертпей, жұмыстан шығара салды. Бұл хабарды "К7" тобындағы Карина есімді қыз арқылы жеткізді.
Мен оның бұл әрекетін сыйластықтың жоқтығы деп ұқтым. Себебі, аса ауыр жағдайлардың барлығын; мейрамхананың жабылуы, тапсырыстар тапшылығы, бәрін бірге өткердік.
Ол өз аты берілген мейрамханада қонақтардың болмауына қатты қынжылды", - деп қоса кетті ол.
Владаның шу тудырған жазбасынан кейін оған "Рахат-Лукумда" өнер көрсеткен өзге әнші қыздар жазған. Танымал топтың бұрынғы мүшелері кезінде өздері де ұқсас жағдайға тап болғандарын айтқан.
"Маған бұрынғы әнші қыздар жазды. Олар да топтағы былық жөнінде жазба қалдырмақ болған. Бірақ, қорыққан", - деді Влада.
Өз сөзін дәлелдемек үшін Влада Белая топтың бұрынғы мүшесінің жазған хатын суретке түсіріп жіберді.
Алайда, өз шындығын айтқан әнші қыз аты-жөнін жариялағысы келмеген. Ол да бұл жобада өнер көрсеткен кезінде ұқсас жағдайда болғанын жеткізген.
"Бәріміз де ешқандай кастинг пен тыңдалымсыз өттік. Бірі келіп, бірі кетіп жатты. Оларға деген қарым-қатынас та сондай болды. Мен ақшам әбден таусылмайынша, ұзақ уақыт бойы өзімді ұстап жүрдім. Себебі, барлығын негізгі жұмыстан шығып, бар уақытын дайындыққа арнауға мәжбүрледі", - деп жазған бойжеткен.
Топтың бұрынғы әншісі қыздардың көбісін клуб сахнасында өнер көрсетуге ғана емес, мейрамханаға қонақтар тартумен айналысуға мәжбүрлегенін айтты.
"Біз ашуландық. Бір жыл солай өтіп кетті. Ешқандай алға жылжу, даму болмады. Пиар үшін тегін өнер көрсетіп жүрдік. Ән салғанымызға бес мың теңге төлейтін", - деді ару.