Өнер иесі ұтыстың шын мұқтаж жандарға бұйырғанына дән риза
Бағлан Әбдірайымов мұқтаж отбасыға пәтер мен көлік сыйлап қуантты, деп хабарлайды Stan.kz.
Белгілі өнер иесі желідегі парақшасында ұтыс тігіп, екі мұқтаж отбасыға пәтер мен көлік тарту еткен. Бұл туралы өнер иесінің өзі желідегі парақшасында жазба қалдырып, жасалған еңбек мұқтаж отбасына қуаныш сыйлағанын айтты. Өзінің альбомын сатып алған тыңдармандар арасында кішігірім ойын ұйымдастырған өнер иесі де қуанышын жасыра алмаған.
«Бүгін, абыроймен іс-шараны өткізіп алдық. Бір күлдік, бір қуандық, бір жыладық. Эмоцияға толы күн болды. Сенім артып, альбомымды алып, жүлделі болған жандарды құттықтаймын! Біз бәріміз ұттық. Суреттегі 6 баласы бар Толқын атты анаға үй алып бердік», - деп жазды Бағлан Әбдірайымов.
Өнер иесі ұтыстың шын мұқтаж жандарға бұйырғанына дән риза. Осылайша әнші адамдарды армандап, шын көңілмен ниет етуге шақырды.
«Пәтер алған жас ана да, Toyota Land Cruiser алған Бибүгіл ханым да шын Алладан тілеп, армандап бүгін бір жақсылыққа қол жеткізді. Осы залда тұрып елдің көзінше шын мұқтажға бұйырсын деп тіледік, қабыл болды», - дейді Бағлан Әбдірайымов.
Желідегілер де қалыс қалмай, өнер иесіне алғыстарын жаудырған. Тіпті көлік ұтып алған келіншектің көршілері, шын мұқтаж адамға бердіңіз деп пікір білдіріп, рахметтерін жеткізген.
«Алла разы болсын сізге. Менің көршім Бибігүл әпке бүгін сіздің ұтысыңызды алды. Ол тағдыр тауқіметіне ұшырап, қиындық көп көрген жан. Кореяға жұмыс істеуге кетіп бара жатқан. Бүгін барып билетін өткізді. Өз-өзіне келе алмай, қайта-қайта талып қалып жатыр. Ол кісінің тағдыры кино ғой», – деп жазып, алғыс айтты желі қолданушыларының бірі.