М. Әуезов - 125: Алматыда халықаралық театр фестивалі басталды

02.11.2022 в 20:03

Ұйымдастырушы – қазақ өнерінің қара ордасы Әуезов театры

Алматыда Орталық Азия елдерінің өнер ордалары бас қосты. Театрдың көркемдік көкжиегін кеңейтуді мақсат еткен фестиваль 7 күнге созылады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Халықаралық театр фестивалі биыл сегізінші рет өткізілмек. Ұйымдастырушы – қазақ өнерінің қара ордасы Әуезов театры. Шығармашылық идея алмасып, ізденісті қолдауды ниет еткен іс-шараға Қазақстаннан бөлек, Татарстан мен Өзбекстан, Қырғызстан, Әзірбайжан мен Тәжікстанның театрлары қатысып, өнер көрсетеді.

«Алпысқа жуық қойылымның ішінен 11 спектакльді іріктеп алды. Біз фестиваль әділ өтсін деген ниетпен жан-жақтан сарапшылар шақырдық», – деді М.Әуезов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының директоры Еркін Жуасбек.

Фестиваль өтетін 7 күнде әр театрдың ең үздік деген қойылымы көрерменге ұсынылады. Әрі байқау аясында бағын сынайды. Қойылымдарды тиісінше бағалап, үздігін анықтау үшін әлемнің 10 елінен сарапшы мамандар, продюсерлер шақырылған.

«Пьеса көрерменге жол тартқанда ең басты мән беретініміз – сөз. Өйткені, театр дегеніміз актерлік шеберлік қана емес, сөзбен әсер ету. Біз тиісінше әр қойылымға жан-жақты баға беруге міндеттіміз. Фестивальден үлкен үмітіміз бар», – деді театр сыншысы, профессор Марина Дмитревская.

«Мен фестивальдың Алматыда өтіп жатқанына қызығып та, қызғанып та тұрмын. Халыққа қандай мереке сыйлап жатыр? Жан-жақтан өнер ордалары келіп жатыр. Әр мемлекеттен келіп жатыр. Бір-бірімен тәжірибе алмасып, театрдың бүгінгі бағытын талқылайды. Жан-жақтан сыншылар да келіп жатыр», – деді Қ. Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрының актері Нұркен Өтеуіл.

Мәдени аптада қойылымнан бөлек, «Қазақстан сценографтарының көрмесі» ұйымдастырылады. Сценография дегеніміздің өзі актерлік, режиссерлік қойылымның ажырамас бөлігі десек, фестивальде театр декорациясы да назарға ілінбек. Бұл өз кезегінде отандық мамандардың шығармашылығын насихаттауға да сеп болады.

Мадина Оқас, Ғани Қалуов, «Алматы» телеарнасы