Осылайша табиғат жанашырлары қаланы абаттандыруда өз үлестерін қосты
24 мамыр – қазақ халқының мақтанышы Димаш Құдайбергеннің туған күні. Елдің шоқ жұлдызына айналған тума талант биыл 27 жасқа толады. Осы мерекеге орай бүгін қаладағы жас әншінің фан-клуб мүшелері Алатау ауданында «Өмір ағашы» стендін ашты. Игі бастама аясында саябаққа 130-дан астам ағаш отырғызды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Осылайша табиғат жанашырлары қаланы абаттандыруда өз үлестерін қосты. Көгалдандыру жұмыстарын ұйымдастыруды алдағы күндері де дәстүрге айналдырмақшы.
«Бақытжан Сағынтаевтың қолдауымен жыл соңына дейін миллион ағаш отырғызу бағдарламасы қабылданған болатын. Бізде Қарағайлы орманы бар, онда 500 ағаш отырғызу игі шарасы өтіп жатыр. Бұл шаралардың барлығы тек мемлекет тарапынан ғана емес, тұрғындардың атсалысуымен де жүзеге асуда. Бүгін міне саябаққа 130-дан астам ағашты Димаштың фан-клубтың мүшелері қалаға сыйлады»,– деді Алатау ауданының әкімі Азамат Қалдыбеков.
Алматыдағы жас таланттың фан-кулб мүшелерінің көпшілігі егде адамдар. Олар әлімнің түкпір-түкпірінде өтетін Димаштың концерттерінен қалмай қатысады. Топтың «Ақ тілек» деп аталуы да бекер емес. Өзге елде Қазақ елінің атын шығарып жүрген оған сыртымыздан әр кез ақ батамыз бен тілегімізді арнап отырамыз дейді олар.
«Димаштың Қытайдағы, Лондондағы, Санкт-Петербургтегі концерттеріне бардық. Димашты әр уақытта қолдаймыз. Оның қазақылығы, отансүйгіштігі ұнайды. Әрқашан біздің еліміздің даңқын бүкіл әлемге паш етіп жүр», – деді «Аq Tilek» фан-клуб мүшесі Мәрия Төлентаева.
Әлемнің көптеген елінде Димаштың жанкүйерлер саны артып келеді. Түрлі ұлт, түрлі дін өкілдері қазақ әншісінің арқасында бір отбасындай болып кеткен. Олар жыл сайын осы уақытта түрлі қайырымдылық шаралар ұйымдастырып, көптің алғысына бөленіп жүр. Игі дәстүр сан-саланы қамтиды. Бір топ бүгінгідей сын-сағатта медицинаға көмектессе, енді бірі табиғат жаршысы болып жүр.
Ұлағат Арғын, Мейрам Исабеков «Алматы» телеарнасы