Өткен жылы Есілдің сол жағалауында Тұңғыш Президент музейінің жаңа ғимараты ашылған болатын
Маңызды шешімдер мен жарлықтар, естелік оқиғалар мен сыйлықтар. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 7 жыл еңбек еткен елордадағы алғашқы резиденциясы – еліміздің даму тарихының жылнамасы. Дәл осы ғимаратта стратегиялық шешімдер қабылданып, мемлекеттік маңызы бар тақырыптар талқыланды. Бір кездері жабық мекеме қазір музей ретінде барлық адамдар үшін ашық, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Кітапхана мұражайы Астананың оң жағалауында орналасқан. Алып ғимаратта үлкен залдар, алтын бағаналар, сирек кездесетін және құнды материалдар, қазіргі Қазақстанның қалыптасу тарихын баяндайтын республикалық маңызы бар заттар барынша ұқыпты сақталады. Мұнда Мемлекеттік құжаттардың түпнұсқалары, жазушылардың қолтаңбалары бар алғашқы кітаптар, жоғары наградалар және 40 мыңға жуық мәдени жадынамалар жинақталған.
Ал келесі Алтын залда Елбасы бас қаланың кескін-келбеті қандай болатынын бас жоба авторымен талқылаған. Сонымен қатар аталған бөлмеде көптеген мемлекет басшыларымен жоғары деңгейдегі кездесулер өткен. Сондай-ақ күміс залдың Алтыннан айырмашылығы, оның өзіндік ерекше дизайны бар. Мұнда ресми және марапаттау рәсімдері ұйымдастырылған.
«Көптеген мемлекет басшылары Қазақстанға келгенде Алтын залда жоғары деңгейдегі кездесулер өтті. Бір жағында қонақ елдің делегациясы, екінші жағында Қазақстан делегациясы отырып, келіссөздер жүргізген. Ал 2001 жылы Рим Папасы Иоанн Павел II Қазақстан астанасына келді. Көрмеде одан келген хаттар, сондай-ақ кәдесый композициялары, естелік медальдар ұсынылған», – деді экскурсия жүргізуші Әйгерім Сартаева.
Мүсіндер, суреттер, кәдесыйлар, елдердің рәміздері және ірі әлемдік корпорациялардың, халықаралық ұйымдардың, мемлекет билеушілерінің және қарапайым азаматтардың тарту еткен сыйлықтары қаз-қалпында сақтаулы. Жалпы, мұражайдың тарихы Президенттің резиденциясы Ақордаға көшкен кезден, яғни 2004 жылдан басталады. Ғимараттың ерекшелігі – ешқашан қайта қалпына келтірілмеген. Керісінше, оны барынша бастапқы түрінде сақтап қалған. Мұндағы қызметкерлердің айтуынша, бұл әлемдік тәжірибеде жоқ жағдай. Әсіресе, келушілер Президенттің жұмыс кабинеттері мен мәжіліс залдарын көргісі келеді екен.
Бұл – жаңа астанадағы алғашқы Президент резиденциясындағы Елбасының кабинеті. Бұл жерде барлығы сол кездегідей қаз-қалпында сақталған. Телефон, пайдаланылған заттары, жиһаздары сол қалпы тұр. Осы жерде 1997-2004 жылдары аралығында Тұңғыш Президенттің жұмыс күндері өтті. Еліміздің өміріндегі елеулі шешімдер мен маңызды Заңдар осы жерде қабылданды.
Ғимаратта тәжірибелі тарихшылар мен өнер зерттеушілері құнды мұралар туралы ақпарат береді. Әр тамашалауға келген адамға олар егемен елдің тарихы туралы бүге-шүгесіне дейін айтып, құнды жәдігерлермен айғақтап көрсетуге дайын. Мұражай демалыссыз және ақысыз жұмыс істейді.
«Елбасымыз саяси қызметі жолының басында өзінің халық үшін еңбек ететінін білді. Ол әр кезеңдегі ең күрделі және өзекті мәселелерді кемел парасатымен, сындарлы саясатымен шешіп отырды. Біз, мекеме қызметкерлері, осы жауапкершілікті сезінеміз. Өйткені біздің осы кешенді айқын көрсете алуымыз арқылы мұраларымыздың да мән-мағынасын жеткізе аламыз», – деді ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасы қызметінің басшысы Күләйша Ақтаева.
Қазір тарихи нысан – бұл еліміздің түкпір-түкпірінен туристер мен тұрғындардың баратын сүйікті орны. Мұнда конференциялар, бизнес кездесулер, шығармашылық көрмелер өткізіледі. Осындай бастамалардың бірі ретінде ел астанасын Ақмолаға көшіру туралы жарияланған мұражайдың күмбезді залында ұсынылған экспозицияны атап өтуге болады. Мұнда қаңтар айының соңына дейін Тәуелсіздік жылдарындағы Алматының жетістіктері туралы тағы бір қызықты көрме ашылды.
Асылбек Тойбек, Айдана Нураш, Данияр Өтеген, «Алматы» телеарнасы