Елдің назарында жүріп, өнері арқылы танылған әншілер жастарға дұрыс бағыт-бағдар берудің орнына қазақ қызына тән асыл қасиеттерді алыстатып жатқандай. Бұл орайда Халық артисі Мақпал Жүнісованың жастарға айтарға бар, деп жазды Stan.kz.
«Қазір енді бәрі төсекте жатып, шешініп тастап, құшақтасып, сүйісіп, қалғанының бәрін көрсетіп шықты. Оның бәрі ұят нәрсе, оны өнер деп санамаймын. Жалпы шешініп тастап, бәрін көрсетіп, халықтың алдына шығу өнерге жатпайды. Халықты қаратқың келсе – әніңмен қарат. Ал енді мынаның бәрін ашып тастап жата салу, шешіне салу – әдетке айналып кетпесе болғаны», – дейді Халық артисі.
Мақпал Жүнісованың айтуынша, мұндай опасыз әншілердің насихатталуына оларды көрсетіп жүрген телеарналар кінәлі. Әнші елімізде экранға шығатын дүниелерде сүзгіден өткізетін ұйым керектігін айтуда.
«Оны неге бересіздер? Соны беріп отырған телеарналар қадағалау керек. Өйткені сіздер бергеннен кейін солай түсіруге болады деп түсіріп жатыр. Біз Қазақстан Республикасымыз, бөлек мемлекетпіз. Өзіміздің салт-дәстүріміз, мәдениетіміз, киім-киісіміз бар. Соған қарай бәрін қадағалап отыру керек», – дейді ол.
Жүнісованың пікірімен әнші Жігер Ауыпбаев та келіседі. Жастарға ақыл айтатын жағдайға жетпесем де, бұл тұрғыдан келгенде мен де өз ойымды қоссам дейді, әнші жігіт.
«Дамуымыз да керек деп айтады. Бірақ даму деген тыржалаңаш шешінумен шектелмейді ғой. Ол кересінше даму емес, құлдырау. Осы өнерде ақыл айтатын жағдайда емеспін. Бірақ ой қоссам екен деймін. Өнердегі бауырлар, артта өсіп келе жатқан інілер осы жөнінде көбірек ойланса деймін. Даму деген Батысқа еліктеп шешіну емес, қыздарды шешіндіріп клипке түсіру емес. Соны толығымен түсініп, барынша ұлтқа жанашырлықпен қызмет жасаса екен деп армандаймын», – дейді Ауыпбаев.