Көрмеге 60-қа жуық жұмыс қойылған
Қылқалам шеберлерінің картиналарынан коллекция жинауды қалайтын өнерсүйер қауым үшін Алматыда Sтер by step көрмесі ашылды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Көрмеде көркемсурет туындыларының заманауи үлгілері ұсынылған. Өнер жобасының ерекшегілігі – мұнда ақсүйектер мен бай-бағландарға ғана емес, өнерге құмартқан табысы әртүрлі адамдарға арналған сурет ұсынылған. Яғни келушілер ұнаған картинасын қолжетімді бағада сатып ала алады.
«Материалдар терең ойлы әрі тақырыптары өзекті. Қоғамда болып жатқан оқиғалар бейнеленеді. Сондай-ақ әжуа да орнымен қолданылған. Өнер ешқашан өлмейді. Сондықтан мұндай көрмелер замануи өнердің дамуына ғана емес суретшілерге де шабыт береді деп ойлаймын», – деді қала тұрғыны Зарина Әмірханова.
Туындылар әртүрлі автордың қолынан шыққан. Жанры да сан алуан. Авторларға сурет салу техникасы жағынан да еркіндік беріліпті. Жалпы көрмеге 60-қа жуық жұмыс қойылған.
«Біз жұмысын қолжетімді бағаға сатып алуға болатын 5 жас суретшіні іріктеп алдық. Бұл суретшілерге де, коллекцияға қызығушылық танытып жүрген адамдарға да көмек болады. Картиналарға сұраныс пен қызығушылық бар», – деді көрме ұйымдастырушысы Санжар Серікпаев.