Алматыда жас ақындар айтысы өтті

Almaty.tv
Almaty.tv
Додағы биыл 40-қа жуық адам қатысты
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда жастар арасында айтыстан үлкен жарыс өтті, деп хабарлайды Almaty.tv.

Халықаралық деңгейде ұйымдастырылған дәстүрлі сайыста Қырғызстан мен Моңғолия, Өзбекстан елінің суырып салма ақындары да бақ сынады.

Айта кетсек, жылда болатын додағы биыл жалпы 40-қа жуық адам қатысты. Олар өзара мықтыны анықтап, жүлделі орындарға таласқан еді.

Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті мен "Алатау" дәстүрлі өнер театрының ұйымдастыруымен іске асқан бұл жас ақындар айтысы биыл 8 рет өтіп отыр. «Менің пірім – Сүйінбай» атты суырып салма ақындар арасындағы халықаралық жарысқа осы жолы 40-қа жуық ақын қатысты. Еліміздің әр өңірінен шыққан ақындарымыз шетелдің сөз мергендерімен түрлі тақырыпта сайысты.

«Өзім Қарағандыдан болғандықтан, Сәкеннің тақырыптарын қозғадым. Ұстаз болғанын айтып өттім. Үш бәйтерек – бәріне ортақ тұлға. Өзбекәлі Жәнібековтің тікелей қатысы болғандықтан, ол кісінің де еңбегін айтып, шамамыз келгенше өлеңге қостым», – деді жас ақын Әлихан Ерғалиев.

Ұйымдастырушылардың сөзінше, ақындарға қозғайтын тақырып айтыс болатын күні бірақ айтылған. Бұл үміткерлер ішінен нағыз суырып салма шешенді анықтап, үздігін табу мақсатында істелген болса керек. Бірақ ел атынан шыққан жастар үмітті ақтады. Барлығы да табан астында сөз тауып, өнерімен жиылған көпті тамсандырды.

«Қарсыластарымыз жан-жақтан келген. Жақсы дайындалған. Одан бөлек, жарысқа айтыс мамандығының 5 студенті де қатысты», – деді жас ақын Санжар Тайырбек.

Халықаралық жыр жарысы 2 күн жалғасты. Ақтық сынға алғашқы іріктеуден сүрінбей өтіп, бабы шапқандар ғана жолдама алды.

Шешуші бәсекеде бірін-бірі озған, сөзді тауып айтатын ақындар қалды. Ал олардың шеберлігі мен дайындығына қазіргі айтыс өнерінің ұйымдастырушысы Жүрсін Ерманның өзі бастаған әділқазылар тиісті бағасын берді.

«Бұл жаңадан басталған шаруа емес. Студенттердің 8 жылдық тарихы бар айтысы. Халықаралық жарыс. Соның ортасында отырмыз. Кеше іріктеу болды. Іріктеуден 40 ақыннан 18-і ғана өтті. Біраз талантты жастардың сұлбасы көрінгендей болды», – деді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ақын Жүрсін Ерман.

Қорытынды бойынша қазақтың «Үш бәйтерегі» Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров пен Бейімбет Майлиннің 130 жылдығына арналған аламан айтыстың бас жүлдесін отандасымыз Қайдаров Бексұлтан, ал 1-орынды Моңғолия атынан қатысқан Әділхан Іңкәрбек, 2-орынды қызылордалық Дильназ Ержігіт, 3-орынды қырғыз ақыны Ырыскелді Қалыбекұлы мен қазақстандық қос өнерпаз қанжығасына байлады.

Жыр жарысында таласқа түскен өзге жүлделер де лайықты иесін тапты. Жалпы бұл жарыстың басты мақсаты – айтыс өнерін жастар арасында насихаттау, дәстүрді жаңғырту және ақындардың шешендік өнерін шыңдап, төл өнерді дәріптеу.

Оразай Нұртайұлы, Хангелді Ахметхан, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров