«Тілі таза емес елдің - жаны таза емес». Биыл мажарстандық түркітанушы, еуропа қыпшақтануының негізін қалаған белгілі қоғам қайраткері Иштван Қоңыр Мандокидің туғанына 80 жыл толды. Осыған орай, Алматыда «Қоңыр және ұлттық құндылықтар» атты халықаралық ғылыми-танымдық конференция өтті, деп хабарлайды Almaty.tv.
Іс-шара мақсаты – қыпшақтың шырақшысына айналған филологтың шығармашылығын насихаттау.
– Қоңыр мектебінің мақсаты – Қоңырдың еңбектерін, шығармаларын оқушыларға оқыта отырып, тіліне, еліне, жеріне деген сүйіспеншілікті қалыптастыру, – деді Мандоки Қоңыр атындағы №154 мектептің директоры Қаламқас Манасбаева.
Иштван Қоңыр түркі халықтарының фольклоры мен әдебиетін зерттеу, аудару және оны Еуропа елдеріне насихаттау ісіне елеулі еңбек сіңірген. Ал күні кеше өткен ғалымның шығармашылығын еске алуға түркітанушылар, тарихшылар мен этнографтар жиналды.
– Қоңырдың ғылыми мұрасы өте үлкен. Ол – қазақ үшін өнегелі тұлға. Оның қазақ өркениеті, мәдениеті, тарихы туралы айтқан ұлағатты сөздері өте маңызды. Ол – рухтық сананы ояту, өз тарихын білу, зерделеу сынды бағытқа нұсқайтын тұлға, – деді түркітанушы, «Қоңыртану» орталығының жетекшісі Ернар Мәсәлім.
Оқи отырыңыз: Әкеге қарап ұл өсер: Алматыда сайыс өтті