Әдеби кеште 20-дан астам «Алаш» әдеби сыйлығының иегері марапатталды
Қазақстан Жазушылар одағында «Көркем әдебиет – талап пен талғам» атты әдеби жыл қорытындысы өтті. Жиында проза, поэзия, драматургия, әдеби сын жанрлары бойынша баяндама жасалды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Сондай-ақ өткен жылы шыққан 100-ге жуық шығарманың жай-күйі талқыланып, көпшілікке таныстырылды. Әдеби кеште 20-дан астам «Алаш» әдеби сыйлығының иегері марапатталды. Әдебиетке қосқан үлесі үшін биыл бұл марапатты Ғайни Әлімбекқызы, Серік Елікбай, Мұрат Шаймаран сынды қаламгерлер иеленді.
– Құрғақ мақтауға құрылған баяндамалар болушы еді, биыл сын айтылып жатыр. Сын шын болмай, әдебиет өркендемейді. Жылдың қорытындысы нақты батыл сынның айтылуымен ерекшеленді, – деді Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасының орынбасары Бауыржан Жақып.
– Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығына ұсынылған кітабым «Сен берген гүл» деп аталады. Қазір кітап шығару оңай емес. Бүгін өте қуаныштымын. Алаш сыйлығын алу деген сөз – өмір сүру, Алашқа лайық өлең жазу, – деді «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Ғайни Әлімбекқызы.
Оқи отырыңыз: Алматы – сүйікті қалам: мегаполисте республикалық жыр мүшәйрасы өтті