Пьеса авторы – Әннәс Бағдат, қоюшы режиссері – Есләм Нұртазин
«Алатау» дәстүрлі өнер театрында «Жыр жолбарыс» спектаклі қойылды. Пьеса авторы – Әннәс Бағдат, қоюшы режиссері – Есләм Нұртазин. Шығарма қазақ ауыз әдебиеті, жыр-дастандарында кеңінен сипатталған Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығына арналып қойылды. Тақырыпты Almaty.tv тілшісі тарқатсын.
Қойылым жыр алыбы Жамбыл өмір сүрген қос ғасырды қамтыған. Мұнда махаббат та, өрлік те, ұлтты тұтастырар жігерлі сөз де бар. Әке мен бала арасындағы әңгіме. Яғни, әкесі менің жолымды қуып барымташы боласың дегеніне Жамбылдың жырды таңдағаны да керемет сипатталған.
Қойылымда қазақ би нақыштары заманауи контемпорари, фольк денс би бағыттарымен синтезделіп ұсынылған. Динамикалық ценография қолданудың нәтижесінде драматургияның заңдылықтары сақталып, хореография, дәстүрлі музыка мен драмалық сахналар өзара үйлесім тапқан. Ал, режиссердің жұмысы тіптен ерекше. Себебі Жамбыл мен қырғыз ақыны Құлмамбеттің айтысы аса шебер қойылған.
Жамбыл – жас актер. Әсет Есжанның алғашқы кесек образдарының бірі. Актер зор жауапкершілікті сезінгенін айтады.
«Аса қиын болды басында. Өйткені менің бітірген мамандығым актер. Ал, бұл жерде Жамбылдың жырларын меңгеріге тура келді. Сондықтан спектакльдің дайындығы 2 айға созылды. Бірақ мен өзім 4-5 ай дайындалған шығармын деп ойлаймын. Бірақ мен үшін бұл үлкен жетістік болды», – деді театр актері Әсет Есжан.
Қойылым аяқталғанда көрермен ұзақ қол соқты. Бұл – ертедегі тарихты жаңаша бере білген режиссер мен театр ұжымына деген ықылас еді. Спектакль талғамы биік көрермен көңілінен шықты.
«Төл өнеріміз айтыс қой негізінде. Әрқайсымыздың қанымызда айтыс десе делебеміз қозып тұрады. Оның ар жағында Жамбыл атамыздың мектебінің аты өшпейді деп ойлаймын. Сондықтан осы ұжымға тағы да басқа да жақсы дүниелер алып келсе екен, біз сияқты көремендерді қуанта берсе екен», – деді ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Мейрамбек Бесбаев.
«Әсер өте күшті. Спектальге өзімнің отбасыммен келдім. Өте тамаша болды. Жоғары деңгейде. Бұл спектальге рухани азық іздеп келеміз. Бәрін алдық деп ойлаймыз», – деді қала тұрғыны Мақсат Абайбекұлы.
Театр басшылығы енді жыр алыбы жайлы қойылымды ақпан айының аяғына дейін әр сенбі күні көремен назарына ұсынбақ.
Рахат Рахымжанов, Мұрат Тайжан, «Алматы» арнасы