Мереке Қазақстанда 2018 жылдан бері дәстүрлі аталып келеді
Домбыра күнінде ұлттың үнін асқақтатқан «Алатау» дәстүрлі өнер театры Арбат бойымен көпті әнге елітті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Шәмшіден бастап, халық әндерін насихаттаған өнерпаздар «Қала жұртына мерекелік көңіл күй тарту еткіміз келді» дейді.
– «Алатау» дәстүрлі өнер театры шын жүректен ұлттық домбыра күнімен құттықтайды, – деді «Алатау» дәстүрлі өнер театрының әртісі Дәулет Әріпов.
Көше бойымен ән шырқап өткен көшке қошемет көрсеткендер көп болды. Қала жұрты әнге қосылып, би билеп, көрерменді құттықтаудан да қалыс қалған жоқ.
– Біздің мәдениетіміз, елдің ұлттық құндылығы дәріптеліп жатқанына қуаныштымын. Қазақтың патриоты ретінде «осындай ғажап мерекелер жалғасын таба берсін» деп тілеймін. Бүгін Алматы да керемет болып тұр. Баршаңызға мереке құтты болсын!
– Тараздан келдім. Бүгін Арбатқа қыдырып шығып едік, керемет кешке куә болдық. Шәмшінің, қазақтың әндерін тыңдап, марқайып тұрмын.
Көш діттеген орнына жеткен тұста Абай алаңында басқа мерекелік іс-шара басталды. Эстрада жұлдыздарының қатысуымен өткен концерттің де көрермені көп. Айтылған ән, шертілген күйден бөлек, мұнда шеберлерді марапаттау, қолөнершілерді қолдау да ұмытылмады.
– Қазақ елін домбыра күнімен құттықтаймын. Нағыз қазақ – домбыра. Сондықтан бұл күнді жыл сайын ұмытпай, жоғары деңгейде тойлап жатырмыз. Жылда жалғаса берсін, – дейді әнші Ғазизхан Шекербеков.
– Қазақтың екінші аты домбыра ғой. Қазақтың қанына сіңіп кеткен домбыра үні ешқашан өшпеуі керек. Біз шынында да қуаныштымыз, – деді әнші Райым Уайыс.
Ұлттық домбыра күні кеше Алматы аудандарының бәрінде атап өтілді. Домбырашылар флешмобынан бастап, қолөнершілер көрмесіне дейін көпке ұсынылған мереке Қазақстанда 2018 жылдан бастап дәстүрлі аталып келеді.
Мадина Оқас, Сағынғали Мұңайтбасов, «Алматы» телеарнасы