Әннің аты - «Атың өшкір кредит»
«Азия» мен «Бақайдың» орындауындағы «Опмай-Опмай» әні көпшіліктің көңілінен шығып, бірден хитқа айналды. Алайда қаралымнан түскен қаржы әншілердің жыртығына жамау бола алмаса керек. Қарызға белшесінен батқан олар енді несие жайлы бейнебаян шығаруға бел байлапты, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
«Бәріміздің басымызда несие бар. Ең көбі менде. Қазіргі онсыз баспана ала алмайсың. Әрине, төлейтін кезде қиналып қаламыз енді. Сол үшін де осы ән туды. Іштен шыққан дүние», - дейді «Азия» тобының әншісі Ринат Баситов.
Жігіттердің айтуынша, олар қоғамдағы түйіткілді мәселені көтеріп, маңызды дүниені әнге қосқан.
«Бұл жолы қоғамда болып жатқан құбылысты ән арқылы жеткізуге тырыстық. Қазір несиесіз адам аз. Ол бір, екіншіден,«Опмай»-дан кейін барлығы «Азия» мен «Бақайдан» тағы бір дуэт күтуде. Көпшіліктің сұрауы бойынша тағы бір бейнебаян түсіріп жатырмыз. Әннің аты «Атың өшкір кредит», - дейді «Азия» тобының мүшесі Ербол Шарипов.
Жігіттердің сөзінше, бейнебаян қарызға белшесінен батқандардың халін суреттейді екен.