Кеште қойылған әр қойылым өнер сүйер қауымды бей-жай қалдырмады
Абай атындағы опера және балет театрында аншлаг! Алматылық көрермендерді «Астана Опера» балет труппасы сезім мен нәзіктікке толы бағдарламасымен тәнті етті. Кеште қойылған әр қойылым өнер сүйер қауымды бей-жай қалдырмады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Балет – талғам мен сезімнің, жинақылық пен нәзіктіліктің көрінісін айшықтайтын өнер. Елдің мәдениетін, сан түрлі образдарды музыкалық ырғаққа сай дене қимылы мен қозғалыстары арқылы жеткізуге мүмкіндік береді. Бекзат өнер көрерменге адамның ішкі жан дүниесі мен мінез-құлқын да дәлме-дәл жеткізуді мақсат етеді. «Астана Опера» балет труппасының көркемдік жетекшісі бүгінгі қойылымға қазақ жастарының қатысуына көңіл бөлгенін жеткізді.
«Бұл қойылым еліміздің мәдениетін дамытуға орасан үлес қосады деп сенемін. Өйткені, өнерпаздар – қазақстандық балет мектептерінің түлектері, яғни, қазақ жастары. Батыстан немесе басқа елдерден әртістер шақыртуға болар еді. Дегенмен, мен қазақ өнерінің одан әрі дамытатын ұрпақ қалыптастыру мақсатында осындай таңдау жасадым», – дейді «Астана Опера» балет труппасының көркемдік жетекшісі Алтынай Асылмұратова.
Қос бөлімнен тұратын балет кеші бір деммен әп-сәтте өте шықты. 1,5 сағатқа созылған қойылымның алғашқы бөлімінде заманауи отандық және шетелдік хореографтардың миниатюраларын, екінші бөлімде Раймондо Ребектің «Қазіргі сәт қанша уақытқа созылады?» қойылымы көрсетілді. Өмірдің азабын тартқан және рахатын көрген адамдардың уақыт ағымын әрқалай сезінуін әртістер аса шеберлікпен жеткізді.
«Неміс хореографы Раймондо Ребектің «Сколько длится сейчас?» деген қойылымы болады. Кішкентай кезден бастап, ержеткенге дейінгі кезеңді көрсетеді. Уақыттың өз персонажы болады. Басты мақсаты – уақытты қадірлеу», – деді «Астана Опера» балетінің солисі Серік Нақыспеков.
«Басында қобалжу болды, бірақ халықтың ыстық ықыласын естіп, қобалжуым басылды. Енді екінші қойылымға дайындаламын», – деді «Астана Опера» балетінің солисі Шұғыла Әдепхан.
Өнер – өнегелі, ақылды адамдарды тәрбиелейтін құрал. Сезім мен нәзіктікке толы балет өнері – тұлғаның эстетикалық болмысын әспеттейді. Өнерпаздардың қойылымы мен сахнаның ғажап атмосферасы көрермен қауымды сырлы әлемге жетелейді. Дәл осындай әсем өнердің куәгері болуға ынтық әр жанды театр ұжымы ерекше ықыласпен, құшақ жая қарсы алады.
Таңелі Есіркепова, Ғани Қалуов, «Алматы» телеарнасы