Ә. Қастеев өнер музейінде «Таң-шолпан» халықаралық тәуелсіз әйел суретшілер қорының көрмесі өтті

12.12.2022 20:30

Мақсат – нәзік жандыларды қоғамдық өмірге етене араластыру

Almaty.tv

Көрмеде қылқалам шеберлерінің  түрлі жанрдағы 130-дан астам туындылары қойылған. Сондай-ақ суретшілердің бояумен ғана емес, тері, киіз паннолары мен өзге де туындыларын тамашалауға болады. Көрмені тамашалаған Зере Әмірқызы толықтырсын, деп хабарлайды Almaty.tv.

Алматылықтар мен қала қонақтары түрлі бейнелеу өнерінің бір алаңда тоғысқан алаңында жолықты. Аталмыш көрмеге отандастарымыздан бөлек Өзбекстан, Түркіменстан, Тәжікстан, Австралия, Германия, Канада және АҚШ елінің де кәсіби суретшілерінің жұмыстары қойылған. Туындыларда авторлардың жүрек жылуы мен өнерге деген махаббаты, адам мен табиғат арасындағы байланыс, өмірдің өзекті мәселелері көркем бейнеленеді. Көрменің ерекшелігі авторлардың барлығы әйел. Ал, мақсат – нәзік жандыларды қоғамдық өмірге етене араластыру.

«Жұмыс істегенде көп эскизге, оймақ ойып көп мән беремін. Жанағы эскиздің өзі бір 2 жылдай, 3 жылдай ойланасын да әртүрлі бояумен графикамен саласың. Содан кейін жанағы жұмысқа кірісе бастағанда картонымен бірге 1-2 айдай уақытты алады бір жұмыс», – деді суретші Раушан БАЗАРБАЕВА.

Көрмеге қойылған туындылардың барлығы осыған дейін еш жерде көрсетілмеген. Сонымен қатар әрбір суретші көркемөнер мәнерлерін, инновациялық әдістерін, креативті ой-тұжырымын түсінікті тілде паш етті. Шараға арнайы келген меймандар суреттерді тапжылмай тамашалап тамсанып қайтты.

«Жалпы көрмені  біз айтатын болсақ, бұл жерде кескіндеме, графикалық мүсін содан кейін қолтаңбадан киіз басу, гобелен өнерлерінен туындыларымыз қойылып отыр. Бас аяғы 130 жұмыс, сонымен бұл жерде негізгі тақырыптарымыз реалистік жанрда, содан кейін импросенизм дейміз барлық бағыттарды қарастыра отырып суретшілер өзінің шығармашылығындағы қолтаңбасының жеке көрсетуі», – дейді  көркемдік жетекшісі Гүлнар ЖҰБАНИЯЗОВА.

Ұлы өнерде шектеу де, шекара да жоқ. Көрмеге қойылған еңбектер дәйектілігімен, боямасыз табиғилығымен құнды. Нәзік жандылар бейнеленген картиналардан ішкі жылылықты, терең лирикалық құрылымды сезінуге болады.

Зере Әмірқызы, Ғани Қалуов "Алматы" Телеарнасы