Ол байқауда сахнаға 6-нөмірмен шыққысы келетінін айтты
Еліміздің жас әншісі Польшаның Ливице қаласында өтетін музыкалық додада ел намысын қорғамақ. Аталған байқауға дайындығы жайлы бүгін жас жұлдыз орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтып берді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Айтуынша, әзірге екі басты қарсыласы бар. Олар – Австралия мен Польша елдерінің өкілдері.
«Мен көп байқауға барғанда әрдайым 6-нөмір түсетін. Енді білмеймін қандай сан түсетінін. Үміттенеміз, алты түсетін шығар. Осы 6 саны түсетін жерде мен әрдайым бас жүлде алып жүремін. «Славян базарында» алтыншы санды алдым жеребеден. Және де «Бақытты баладан» жүлделі орын алдым», - деді жас әнші Ержан МАКСИМ.
«Қазақта «Баласы атқа отырса, анасы тақымын қысып отырады» деген бар ғой. Жалғыз мен емес, бүкіл қазақ елі бірге қобалжып, Ержан үшін уайымдап отыр деп ойлаймын. Өйткені көптеген адамдар бізге өз қолдауларын, тілектерін, баталарын жазып жатады. Барлықтарыңызға көп рахмет айтамыз», - деді анасы Гүлмира ӘЛІБЕК.