Ахмет Байтұрсынұлы сияқты жасампаз тұлғалардың еңбегі тәуелсіздік құндылықтарымен тікелей астасып жатыр. Елордадағы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына арналған халықаралық ғылыми-практикалық конференцияда еліміздің Мемлекеттік хатшысы Ерлан Қарин осындай ой айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Осы орайда ол биыл Париж бен Стамбұлда да Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына арналған іс-шаралар өтетінін жеткізді.
«Ахаң Алаш қозғалысының қарлығашы Қарқаралы құзырхатын ұйымдастырды. Халықты оятқан «Қырық мысал», «Маса» поэзиялық жинақтарын шығарды, «Тіл құралдарын» жазып, елдің жаппай сауатын ашты. Ұлтты үн жариясы болған «Қазақ» газетінің бас редакторы болды. Бұл Ахаңның елге сіңірген өлшеусіз еңбегінің бір парасы ғана», - деді ҚР мемлекеттік хатшысы Ерлан Қарин.
Сонымен қатар биыл Ахмет Байтұрсынұлының туған жерінде инфрақұрылымдық және мәдени-рухани жобалар іске асады. Ерлан Қарин «Президент мерейтой шаралары «ас та төк» тоймен емес, елге пайдасы тиетін нақты жұмыстармен ерекшеленуі қажеттігін үнемі айтып жүреді» деді. Ал бұл ұстаным Ахаңның мерейтойына да қатысты. Сондай-ақ Ахмет Байтұрсынұлының ғылыми еңбектерінің 12 томдығы шығарылып, Алаш ардақтысының таңдамалы еңбектерінің 1-томдық жинағы қазақ, орыс, ағылшын, түрік тілдерінде шығарылатын болады.
«Ахмет Байтұрсынұлының атын мәңгілік елімізде сақтау үшін биылғы жылы арнайы 150 жылдық мерейтойын атап өту үшін мемлекеттік комиссия құрылған болатын. Мемлекеттік комиссияның бекітуімен бүкіл осы жыл бойында 63-тен астам түрлі іс-шара ұйымдастырылады», - деді ҚР Мәдениет және спорт министрлігі тіл саясаты комитетінің төрағасы Әділбек Қабаев.