Күй күмбірі: Алматыда Наурыз мейрамы қарсаңында домбыра-challenge ұйымдастырылды

17.03.2023 21:04

Іс-шараға 600 оқушы қатысты

Almaty.tv

Алматыда Наурыз мейрамы қарсаңында 600 оқушы орындауымен «Күй күмбірі» атты домбыра-challenge ұйымдастырылды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Түрксіб ауданында өткен республикалық іс-шарада гимназия білімгерлері, өнер орталықтары мен жалпы білім беретін мектептердің оқушылары ұлттық аспапта өнер көрсетті.

«Домбыра – қазақтың басты аспабы. Наурыз мейрамы қарсаңында республикалық іс-шараға белсене қатысып отырмыз. Біздің мемлекеттің, қазақтың ұлттық аспаптарын басқа ұлт өкілдері де білуі керек. Сондықтан басты мақсат – домбыраны насихаттау», – деді №83 гимназия директоры Ажар Нұрғалиева.

Айта кетейік, балалардың қатысуымен мұндай ауқымды және ұлттық нақыштағы челлендж елімізде алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Оркестр құрамы дирижердің сүйемелдеуімен «Балбырауын», «Адай», «Сарыарқа» секілді танымал күйлерді орындады. Іс-шараны өткізудегі басты мақсат – ұлттық құндылықты жастар арасында ғана емес, қала халқы мен қонақтарына да дәріптеу.

«Халықтың өнері, мәдениеті биік дәрежеге жете берсін. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын! Наурыз құтты болсын! Барлық шаңырақта жақсылық болсын!» – деді дирижер, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Дүйсен Үкібай.