Ержан Максим елордада алғашқы концертін береді

17.05.2019 21:07

Концертте әнші Сәкен Майғазиев, Мөлдір Әуелбекова, Ренат Гайсин, Айқын Төлепберген өнер көрсетпек

28 маусымда қазақстандық жас әнші Ержан Максим Нұр-Сұлтан қаласында жеке ән кешін береді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

«28 маусымда «Қазақстан» орталық концерт залында Ержан Максимнің концерті өтеді», - деді брифингте мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы.

Жас дарынның шығармашылық кешін мәдениет және спорт министрлігі ұйымдастырып жатыр.

Концертте, сонымен қатар, әнші Сәкен Майғазиев, Мөлдір Әуелбекова, Ренат Гайсин, Айқын Төлепберген өнер көрсетеді деп жоспарлануда.

12 жастағы оралдық әнші Ресейдегі «Голос. Дети» жобасына қатысып, көпшіліктің сүйіспеншілігіне бөленген еді. Қазақстандық жас әнші финалда екінші орын иеленді. Бірінші орын әнші Алсудың 10 жасар қызы Микелла Абрамоваға бұйырған болатын. Алайда интернет қолданушылар финалдің әділ өтпегенін айтып, шу шығарған еді. Осыдан кейін Бірінші арна финал қорытындысын тексеріп, тіпті Group-IB халықаралық компаниясын тексеріске жұмылдырды.