Қобалжып жүрмін – актриса Жанаргүл Жаныаманова «DiNaZaur» телехикаясы жайлы айтты

08.12.2020 21:10

Сырлас, мұңдас үш құрбы айналасындағы оқиғалар төңірегінде өрбитін жаңа телехикая

«Алматы» арнасы көрермендерін тағы бір комедия жанрындағы туындымен қуантпақ, деп хабарлайды Almaty.tv.

Сырлас, мұңдас үш құрбы айналасындағы оқиғалар төңірегінде өрбитін «DiNaZaur» телехикаясы жақында көрермендер назарына ұсынылмақ.

Басты рөлдердің бірін кино және театр актрисасы Жанаргүл Жаныаманова сомдайды.

Бүгінге дейін ол бірнеше сериалға түсіп, театр актрисасы  ретінде де танылған. Үш баланың анасы, актер Рүстем Жаныамановтың жары.

Жаңа туындыдағы рөлі жайлы Жанаргүл Жаныамановамен сұхбаттасу сәті бұйырды.

Телехикаядағы Динара, Назым және Зәуре – нағыз достар. Олар бала кезден бірге өскен. Ер балалар оларды «DiNaZaur»  деп мазақтайтын. Бір күні үш құрбы мұны тоқтатуға шешім қабылдап, бұзақыны жазалайды. Содан кейін Зәуре, Назым мен Динара бір-біріне ешқашан ренжімейтінін айтып, серттеседі. Осы жылдар ішінде қыздардың достығы нығая түседі. Телехикаядағы сюжет желісі осылай басталады. Жанаргүлдің айтуынша, үш құрбы өмірде де дос. Ажарлым Мағзұммен (Назым) өнер ордасында бірге оқыса, Ұлболсын Шалқаровамен (Зәуре) бұған дейін де түсірілім алаңында кездескен. Телехикаядағы кейіпкерлер өмірде де шынайы дос екенін айтады. «Қыздарда шынайы достық болмайды» деген тұжырым да бар, алайда бұл телехикаяда, керісінше, қыздардың шынайы достығы туралы айтады.  

Жанаргүл Жаныаманова:

– Біз өмірде де құрбымыз. Бір-бірімізге ұқсаймыз. Ажарлымен бір топта оқыдық. Тұрмысқа шыққан кезде қыз жолдас болған. Жақын достарыңмен  түсірілім алаңдарында болуы қуанышты жағдай, әрине. Ұлболсынмен бұрыннан таныспыз. Осыған дейін отандық телехикаяда бірге түстік. Түсірілім барысында қандай да бір қиындық болмады. Еркін ойнап шықтық рөлімізді.  Бір-бірімізге өте жақынбыз, «ансамбль» бола білдік деп айтсам болады.

Жанаргүлдің кейіпкері Динара. Тұрмысқа шыққан, үш баласы бар. Күнделікті күйбең тіршілік пен үй шаруасынан өзіне көңіл бөлетін уақыты жоқ. Балардың тәрбиесі, үй шаруасы, тамақ дайындау, кір жуу т.т. Қазіргі өміріндегі қиындықтарға қарамастан, ол өз өміріне шағымданбайды, керісінше бақытты. Өйткені өмірдегі ең қымбат дүние отбасы деп түсінеді. Жанаргүл телехикаядағы өз рөлін үйде отырған келіншектерге бір пайдасы тиер деп ойлайды.

Жанаргүл Жаныаманова:

–  Менің кейіпкерім – Динара. Бала-шағамен үйде отырған, күнделікті үйдің шаруасынан шаршаған әйелдің образы. Күйеуі таңертеңнен кешке дейін жұмыста. Күйеуінің назарын аудару үшін неше түрлі қылықты ойлап табады. Осы жерде үш баламен отыруы менің өміріме ұқсас. Бірақ басқа сериалдағы рөлдеріме еш ұқсамайды. Сол үшін маған қызық болды. Қандай сын, қандай пікір айтылады екен деп күтіп жүрмін. Тіпті, қобалжып жүрмін десем болады.


Жанаргүл бүгінге дейін драма, трагедия жанрында ойнағандықтан, жаңа телехикаядағы кейбір оқиғалардан жатсынғанын айтады. Оның айтуынша, комедия жанрындағы телесериалға алғаш рет түскен.

Жанаргүл Жаныаманова:

– Комедия жанрында алғаш рет түстім. Бүгінге дейін басқа сериалда, театрда драма, трагедия жанрында ойнадым. Драма актрисасы деп танылдым. «DiNaZaur» телехикаясы комедия болғандықтан, кейбір сахналарды бірінші рет ойнадым. Халық менің сұлу образыма үйренген. Мына сериалда жат қылық жасаймын, соған қалай қарайды екен деп ойлаймын. Басында ешқашан жарнама жасамаймын деп уәде бергенмін. Ешкім көрмесе екен деп тіледім. Сосын телефонға түсіріп алып, күйеуіме көрсеттім. Күйеуім актердің кез келген ойынына  кәсіби түрде қарайды. Керісінше кеңесін, ақылын айтып отырады. Мына рөлді алдын ала айтуың керек еді, бәлкім, жақсылап шығуына көмектесер едім деп қуантып қойды.

Жанаргүлдің телехикаядағы жұбы актер – Қайрат Әділгерей. Түсірілім басында сәл қиындық болған. Дегенмен үйренісіп кеттік дейді Жанаргүл.

–  Қайрат өз ісінің маманы, нағыз актер. Ол кісіден көп нәрсе үйрендім. Осындай деңгейдегі актермен жұмыс істегеніме алғысым шексіз. Тек жұп қана емес ұстаз бола білді. 

Шытырман оқиғаға толы  үш құрбы жайында «DiNaZaur» телехикаясы 14 желтоқсаннан бастап «Алматы» арнасының эфирінен көрсетіледі. Тамашалаңыздар!