Баку 1926 жыл: Ахмет Байтұрсынұлы қатысқан съездің видеосы көрсетілді

Almaty.tv
Almaty.tv
Материалды институт өкілдері бүгін көпшілікке ресми түрде таныстырды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Тіл білімі институтының ғалымдары Баку қаласының ұлттық мұрағатынан Ахмет Байтұрсынұлы қатысқан 1926 жылы Бакуде өткен бүкілодақтық түркологиялық алғашқы съезд тұпнұсқа видеосын тауып әкелді, деп хабарлайды Almaty.tv.

Материалды институт өкілдері бүгін көпшілікке ресми түрде таныстырды. Құнды деректі Әзірбайжан еліне мемлекеттік грант арқылы барған 2 жас ғалым Ермұхамет Маралбек пен Әрлен Сейітбатқал анықтаған. 8 минуттық бейнежазбада Ұлт ұстазы 6 рет көрінеді. Видеода 1926 жылы Бакуде өткен бүкілодақтық түркологиялық алғашқы съезді таспаланған.

«Байтұрсынұлы бейнебаянда қарасаңыз анық көрінеді. Құрылтайдағы сыйлы, құрметті деген мүшелері президиумда отырған. Ол президиумның өзі үш қатар болған. Сол үш қатардың алдыңғы қатарда отырғанынан-ақ ол кісінің сол заманда тек қана қазақ даласында емес, күллі түркі дүниесінде беделді тұлға болғанын көрсетеді. Міне мұны біздің маманымыздың деректері де дәлелдеп отыр», – деді А. Байтұрсынұлы атындағы тіл білімі институтының директоры Анар Фазылжан


«Шын мәнісінде біздің тарихымыз үшін үлкен жаңалық. Мәртебелі үлкен жиылыста өзінің теориялық ойларын айтып, ғалымдармен пікір қосуда ерекшеленгендігін, ұлттық мүдде тұрғысынан жазуымызды қайта-қайта өзгертудің қажеті жоқтығын айтып, дүниежүзінің тілдерімен салыстыра отырып өзінің пікірін айтқан», – деді түркітанушы, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ доценті Аманқос Мектеп-тегі



Бейнежазбаны ахметтану ғылымымен 10 жылдан бері айналысып келе жатқан жас ғалым Ермұхамет Маралбек пен институттың ономастика бөлімінің маманы Әрлен Сейітбатқал анықтаған. Шетелге барып зерттеу жүргізу жас ғалымдардың қалтасын көтермейтіні белгілі. Бірақ былтыр мемлекеттің бөлген грантының арқасында  21 тамызда Әзірбайжанға аттанған екен. Жас ғалымдар сапар уақыты аз болғандықтан алдын ала мұқият дайындалған.

«Мұрағаттың директоры өзіне бағынысты сол мекемеге жіберді. Кинофото құжаттар архивіне. Менің ойымша , біз дайындалып келмегенде мүмкін бермес еді. Өйткені, «мынандай жер бар» деп суретімен көрсеттік. Сол кезде ғана олар қозғала бастады», – деді А. Байтұрсынұлы атындағы тіл білімі институты директорының орынбасары, phd докторы Ермұхамет Маралбек.

Мамандар 1926 жылы Бакуда өткен бүкілодақтық түркологиялық съездің алғашқы отырысы таспаланған видео бұған дейін күмән келтірілген біраз дүниенің басын ашуға, деректердің толығуына сеп болатынын алға тартты.

«Өз мемлекетінің, өз ұлтының тілін, әдебиетін, мәдениетін дамытқан, ұлт азаттық қозғалысына ұйытқы болған тұлғалар болған. Соларды шақырған. Соның арасында Ахмет Байтұрсын да болып отыр. Ол жердегі мақсат, әрине, өздері тұтынып отырған әліпбиден ауыстыру болған. Бірақ Байтұрсынұлы «араб әлібиін ауыстырудың қажеті жоқ деп» түбегейлі қарсы болған», – деді А. Байтұрсынұлы атындағы тіл білімі институты директорының орынбасары, phd докторы Ермұхамет Маралбек.

Видеодан бөлек Ахмет Байтұрсынұлының сол құрылтайда түскен, бұрын деректер базасында жоқ жаңа фотосы да таныстырылды. Онда съезге қатысқан қазақтың біртуар азаматтары Біләл Сүлеев, Елдес Омарұлы, Әміре Қашаубаевтар да бар. Мұндай тың деректер Әзірбайжан қоғам қайраткері Фархад Ағзадәның жеке қорынан табылыпты.

«Ғалымдардың, үлкен академиктердің жеке қоры деген болады. Біздің архивте де жеке қорлар бар. Олар әлі қаралған жоқ. Ахмет Байтұрсыновтың, Құдайберген Жұбановтың басқа да адамдардың жоғалып кетті деген кітаптары сол жеке қорда жатуы мүмкін. Жалғыз Байтұрсынов емес, қазақтың мықты-мықты арыстарының бәрінің еңбектері шығуы мүмкін», – деді филология ғылымдарының докторы Ғарифолла Әнес.

Табылған ақпараттар зерттеу авторларының қорында, институттың ресми және әлеуметтік парақшаларында сақталып, таратылады. Ғалымдар алдағы уақытта ағартушының дауысы жазылған деректерді іздестіріп, голлограммалық нұсқасын жасауды ниет етіп отыр.

Назкен Еркін, Сағындық Нарықов, «Алматы» телеарнасы


Новости партнеров