Жарты ғасырлық еңбек: Алматыда Клара Хафизованың кітабы жарыққа шықты

13.01.2023 21:14

Белгілі шығыстанушының туындысы «XVIII–XIX ғасырлардағы дала билеушілері және олардың дипломатиясы» деп аталады

Almaty.tv

Жарты ғасырлық еңбек. Алматыда белгілі қытайтанушы ғалым Клара Хафизова кітабының тұсауын кесті. Белгілі шығыстанушының туындысы «XVIII–XIX ғасырлардағы дала билеушілері және олардың дипломатиясы» деп аталады, деп хабарлайды Almaty.tv.

Монография қазақ хандығы билеушілерінің үш ұрпағына арналған. Сондай-ақ олардың өмірбаяны, екі ғасыр бойы қазақ мемлекеттілігін, аумақтық тұтастығын және ұлттық бірлігін сақтау жолындағы қызметі, өзге елдермен саяси қарым-қатынасы қамтылған. Кітаптың таныстырылымына қатысып, құттықтау сөз сөйлеген тарихшылар мен саясаттанушылар, белгілі академиктер, қоғам қайраткерлері ғалымның еңбегін ерекше бағалады.

«Қытай, қазақ деректеріне, олардың жазған хатының уақытын қарап, мезгілін зерделесем тарихтағы фактілерде (туған жылы, қайтыс болған жылы) қате бар екен. «Қазақ-қалмақ арасында тек қана соғыс болды» деп атып жатады. Оның бәрі дұрыс емес. Мәдени байланыс болған», – деді шығыстанушы ғалым Клара Хафизова.