Бірнеше ай демалыс пен гастрольдік сапарлардан кейін қасиетті сахнаға оралған өнер ұжымы көрермендерімен қайта қауышты
Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында М.Әуезов атындағы драма театр ұжымы жаңа маусымның шымылдығын түрді. Бірнеше ай демалыс пен гастрольдік сапарлардан кейін қасиетті сахнаға оралған өнер ұжымы көрермендерімен қайта қауышты. Биыл әкемтеатрдың 96-шы маусымы ресми түрде ашық деп жарияланды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Адамзаттың Абайы – қазақтың миы мен ойы. Бүгін ғұламаға арналған қойылым Әуезов театрының сахнасында көпшілік назарына ұсынылды. Айта кету керек, М.Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театры 96-маусымын дәл осы Абай қойылымымен ашты.
Алдымен 96-шы маусымның ашылу салтанаты театрдың қырық жылдық тарихынан сыр шертетін «Сахна сәттері» көрмесі көзі қарақты көрермен назарына ұсынылды. Мерейлі маусымның ашылу салтанаты М. Әуезовтің «Абай» спектаклімен жалғасты. Қоюшы режиссері – Қазақстанның халық артисі, профессор Есмұхан Обаев.
«Жалпы, бұл театрдың жазылмаған заңдылығы ретінде бұрыннан келе жатқан дәстүрі – әр маусымды шама келсе М.Әуезовтың үлкен бір шығармасымен ашу әдетке айналған. Сондықтан біздің репертуарымызда Әуезовтың бірнеше дүниесі болатын болса, биыл таңдау Абай қойылымына түсіп тұр», – деді М.Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының директоры Еркін Жуасбек.
Ұлы Абайдың шығармашылық мұрасы – халқымыздың ғасырлар бойы маңызын жоймайтын рухани қазынасы. Маңызын жоймау былай тұрсын, заман өзгеріп, қоғамдық санада күрт сапырылыстар пайда болған сайын бұл қазына өзінің жаңа бір қырларымен жарқырай ашылып, қадірін арттыра түсетініне халық Абайдан кейінгі уақытта айқын көз жеткізді.
«Театрымыздың ашылуы мен жабылуын сол Әуезовтың туындыларымен ашып, Әуезовтың туындыларымен жабамыз. Есмұхан Обаев ағамыз қойған бүгінгі Әуезовтың «Абай спектаклі – үлкен көлемде қойылған спектакль», – деді ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Бекжан Тұрыс.
Өткен маусым карантин, шектеулер аясында театрдың кей жұмысы, мәдени шаралардың белгілі бір бөлігін онлайн форматқа ауысқаны белгілі. Дегенмен, көпшілік театрды сағынғанын көруге болады.
«Енді театрға келіп, жақсы әсер алып жатырмыз. Келмегенімізге 2 жыл болыпты. Театрды әбден сағыныппыз, өте қуаныштымын», – дейді Дәлел Мұса есімді көрермен.
«Маусымын жылда М.Әуезовтың шығармасымен ашылу дәстүрге айналған. Бүгін Абайды көрдік, жақсы әсер алдық. Актерлер өздерінің образдарын жақсы сомдап шықты. Ары қарай да жақсы шығармалардың куәсі боламыз деп ойлаймын. Қарашаңырақ – Әуезов театрына сәттілік тілеймін», – деді актер Нұржан Тұтов.
Айта кетейік, театрдың алдағы жоспарында қазан айының соңында Ә.Нұрпейісовтың «Қан мен тер» «Ақбала» спектаклінің, ал желтоқсан айында Р.Райымқұловтың «Машқар түнгі махаббат» спектаклінің прьемералы болады.
Қасымхан Талғатұлы, Мейрам Исабеков, «Алматы телеарнасы»