Әуезов мұражайына 60 жыл толды

28.11.2023 21:18

Музейге 600 мыңнан аса адам келген

Almaty.tv

Қазақтың тұңғыш мемориалды музейі – Әуезов үйінің ашылғанына бүгін 60 жыл толды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Бұл үйде Мұхтар Омарханұлы Әуезовтің соңғы он жылы өткен. Қос қабатты ғимараттың жобасын жазушының өзі салып, әр кірпішінің орнымен қалануына баса мән беріпті. 6 мыңнан аса кітап пен журнал сақталған жұмыс бөлмесінде әйгілі «Абай жолының» соңғы нүктесі қойылып, қаламгердің соңғы романы «Өскен өркен» өмірге келді.

– Қазақ мәдениетінің, өркениетінің ерекше бір қалыс қалып бара жатқан дүниелерінің бәрі осы жерде жаңғырды. Мәселен, алғашқы шертпе күй де жаңғырған. Төлеген Момбековтің осында келіп, алғашқы күй тартқаны есімізде. Қазақтың кино өнері туралы алғашқы ашылымдардың бәрі – Халық университетінің құрамында болған, – деді М. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының бас директоры Кенжехан Матыжанов.

Өнердің ордасына айналған үйді Әуезов өмірден өткен соң, қызы Ләйлә мұражайға айналдырады. 76 мыңнан аса құнды жәдігерді сақтаған кешен әдебиет пен мәдениеттен ғана емес, қылышынан қан тамған кеңестік дәуірден де сыр шертеді.

«Өмірімде шаруашылық мекемесінде бір күн де жұмыс істемегендіктен, маған таңылып отырған экономикалық-контрреволюцияға және ұлтшылдық ұйымға қатысты айыптауды негізсіз деп білемін». 1931 жылы Әуезов осылай деп Голощекинге хат жазады. Арада жыл өткен соң әуелі концлагерь, кейіннен шартты деп кесіліп, 1 жыл 7 ай абақтыда отырған Әуезов босап шығады.

Абақтыдан кейінгі жылдары қаламгер жазуға ден қояды. Оның дәлелі – «Абай» романы. Қазақ кейіннен кеңес әдебиеті мен мәдениетінің шет мемлекеттердегі онкүндігіне қатысады. Сөйте жүріп, іні-бауыр, қаламгер-қатарластарын жанына жыяды, ағалық ақыл, жазушылық жөн сілтейді. Сондай кеңестің қара шаңырағына айналған үй бергі дәуірде де қонақтан көз ашпай келеді.

– Музей ашылғалы 600 мыңнан аса адам келіпті. Бұрын мектеп оқушылары мен студенттерді жетелеп мұғалімдер келетін. Қазір өз еркімен, көрсем, білсем дейтіндердің қатары көбейген. Бұл киелі қабырғада қаншама монография жазылды. Абай, Мұхтар туралы іргелі еңбек осы жерден бастау алған. Мұражай аға буын үшін қымбат, – деді «Әуезов үйі» ғылыми-мәдени орталығының директоры Диар Қонаев.

Әуезовтің үйінде қонақ болып, көзкөрген, мұражайдың жұмысын жолға қойып, қызмет қылған қауым 60 жылғы тарихты жіпке тізді. Ғылыми-тәжірибелік конференция халықаралық деңгейде өтті. Әлем әдебиетін өз тілінде сөйлетіп, шартарапқа Құнанбай мен Абайды танытқан Әуезов – адамзатқа ортақ.

Мадина Оқас, Медет Саматұлы, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Алматыда жарық көрген 35 кітаптың авторы кім