30-дан астам кітап дүкені, баспагерлер мен авторлары өз өніміне жеңілдік жасаған
Алматыда өткен фестиваль шеңберінде түрлі жанрдағы 3 мыңнан аса кітап тегін таратылды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Балалар жылы болған соң KITAP FEST фестивалінде балалар мен жасөспірімдер әдебиетіне, жазушыларына көбірек көңіл бөлінген. Бұл – биылғы іс-шараның ерекшелігі. Жылда ұйымдастырылатын жәрмеңкеде оқырманның кітаптарды өзара алмасуына, жеңілдікпен сатып алуына немесе тегін алуына мүмкіндік туды. Сондай-ақ фестиваль аясында алғаш рет «Ауылға кітап» акциясы өткізілді. Онда кез келген оқырман өз жинақтарын шалғай ауылдарға жөнелтуге атсалыса алады.
«Өкінішке қарай ауылдың мектептеріне, кітапханаларына жаңадан шығып жатқан кітаптар жете бермейді. Хәрри Поттердің, Диснейдің еңбектері, Харуки Муракамидің еңбектері тағы басқалары қазақ тіліне аударылып жатыр. Олар кітапханаларға жете бермейді. Сондықтан осы мәселені шешу мақсатында «Ауылға кітап» әлеуметтік жобасын қолға алдық», – деді KITAP FEST фестивалінің бас үйлестірушісі Майра Әлжан.
Сондай-ақ 30-дан астам кітап дүкені, баспагерлер мен авторлары өз өніміне жеңілдік жасаған. Балалар әдебиетіне қалам тербейтін жазушылар арнайы шақырылып, олар бүгінгі тенденциялар туралы ойларын бөлісті. Фестивалді еліміздің барлық ірі қаласында өткізу жоспарланған. Жалпы өткен жылмен салыстырғанда отандық жаңа кітаптардың көлемі 8 пайыз ұлғайыпты.
«Бұндай шараларды ұйымдастырып тұрған өте жақсы деп ойлаймын. Өйткені біз тек қана жазушылар өзіміздің ғана аудиториямызбен кездесеміз. Ал мұнда кез келген кітапқа қызығатын адам келіп, кездесуге қатыса алады. Сондықтан бұл авторлардың аудиториясын кеңейте алады», – деді жас жазушы Досхан Жылқыбай.