Құнанбай: Қаллеки театры Алматыға гастрольдік сапармен келді

03.05.2023 21:22

Театрдың алып шаһардағы гастрольдік сапары 8 мамырға дейін созылады

Almaty.tv

Қалибек Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театры – Алматы қаласында. Аталмыш өнер ордасы мәдени астанаға гастрольдік сапармен келді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

2 мамырдан бастап Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық академиялық драма театрының сахнасында Қаллеки театры өнер көрсетеді. Алматылық көрермендерге өнер ордасының әртістері үздік қойылымын көрсетпек. Апта бойы музыкалық комедия, драма, одан қалды тарихи трагедияны да тамашалауға болады.

«Алматының көрермендері көрмеген қойылымдарды әкелдік. Өйткені біз жиі келіп тұрамыз ғой», – деді театр режиссері Болат Ұзақ.

«Біздің театр үнемі репертуарын жаңартып отырады. Тек қазақстандық емес, сонымен қатар сырттан келген режиссерлердің жұмысын көрерменге тарту етпекпіз», – деді театр актері Шахмұрат Ордабаев.

Қазақ мемлекеттік драма театрының ауқымды қойылымдарының бірі – «Құнанбай». Гастрольдік сапардың шымылдығын да осы қойылыммен ашпақ.

«Алғаш рет кинодан кейін біздің сахнада қойылды. Бұл спектакльде Құнанбайдың жолы, ол кісінің жасаған күрделі шешімі және оның нәтижесі 2 сағаттың ішінде алматылық көрермендерге ұсынылатын болады», – деді театр актері Шахмұрат Ордабаев.

Театрдың алып шаһардағы гастрольдік сапары 8 мамырға дейін созылады. Олар алғашқы аптада көрерменге 9 түрлі қойылым ұсынады.

Ал бүгінгі туындыны тамашалауға келген көрерменнің ықыласы да ерекше:  

– Бүгін «Құнанбайды» көрерменге ұсынбақ. Бұл – үлкен дүние.

– Мектепте оқып жүргенде көргенім бар. Сол кезде ерекше әсер алғаным есімде. Бүгін анамды ертіп келдім.

– Қойылымды қатты күттім. «Құнанбай» секілді тарихи тұлғаны көрмеу қателік деп ойлаймын.

Қалибек Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театры алматылық көрермендерді апта бойы сағат 18.30-да әкем театрда күтеді.

Гүлмарал Изатқызы, Жақсылық Тілепберген, «Алматы» телеарнасы