Туынды үш достың бастан кешкен шытырман оқиғасына толы
Голливудтық «Лука» мультфильмі қазақ тілінде сөйледі, деп хабарлайды Almaty.tv.
Disney студиясының бұл туындысы «Болашақ» корпоративтік қорының қолдауымен дыбысталған. Қор 10 жыл ішінде 37 шетелдік фильмді қазақ тіліне дубляждаған. Мультфильмді қазақ тілінде сөйлету үшін 30-дан астам кәсіби актерлер мен бүлдіршіндер атсалысты. Туынды үш достың бастан кешкен шытырман оқиғасына толы. Жарыққа шыққанына көп уақыт болмаса да, шетелде көпшіліктің ықыласына бөленіп, сұраныс артқан. Кішкентай көрермендер қызыққа толы хикаяны бүгіннен бастап қаламыздағы барлық кинотеатрдан көре алады.
«Балаларға қалай ойнасақ болады деп бір ұлыдан сұраған екен. Сонда ол: «Үлкендерге ойнағандай ойна, бірақ одан артығырақ» депті. Соған қарағанда балаларға деген өнердің мақсаты өте жоғары болу керек. Біріншіден, бұл тәрбие. Екіншіден, ең қуатты талғам таразысы», – деді ҚР халық әртісі Досхан Жолжақсынов.
«Мен бүгін қазақша мультфильм көруге келдім. «Болашақ» қорына рақмет. Осындай мультфильмдер көп болсын», – деді көрермен Бексұлтан Файзуллаев.