Биіктігі бір метр болатын мүсін Нұрлан Далбайдың қолынан шыққан
Алматының орталығында қазақтың әйгілі актері әрі танымал фильмдердің режиссері Шәкен Аймановқа ескерткіш орнатылды. Қола мүсін «Алматы» қонақүйінің тура алдына қойылды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Идея авторлары Шәкен Аймановтың атақты «Тақиялы періште» туындысы дәл осы жерде түсірілгенін ескеріп, ескерткішті қонақүй алдына қоюды ұйғарыпты. Биіктігі бір метр болатын мүсін Нұрлан Далбайдың қолынан шыққан. Мүсіншінің туындыны жасауына бір жыл уақыт кеткен. Ол қазақ өнерінің шоқтығы биік тұлғасын әбден зерттеп, ескерткіш арқылы Аймановтың мінез-құлқын барынша көрсетуге тырысқан.
«Қаламызда ел тарихынан сыр шертетін 1931-33 жылдардағы ашаршылық құрбандарына және Чернобыль атом электр станциясындағы апатпен күресте қаза болғандарға, көрнекті қазақ энергетигі Шапық Шөкинге ескерткіш ашылып, еліміздің көркеюіне еңбегі сіңген 60-тан астам тұлғаның тұрған үйіне мемориал тақта қойылды. Ал алдағы уақытта Төлеген мен Қыз Жібекке, Шәмші Қалдаяқовқа және Балуан шолаққа ескерткіш орнату жоспарланған. Бүгін ашылып отырған Шәкен Айманов ескерткіші де – халқымыздың даңқты өнер майталманына көрсетілген үлкен құрмет», – деді Алматы қаласының әкімі Бауыржан БАЙБЕК.
Көрнекті шараға Шәкен Аймановтың көзін көріп, бірге қызмет еткен өнер адамдары жиналды. Олар дарынды тұлғаға көрсетілген құрметке ризашылықтарын білдіріп, мүсіннің мінсіз екенін алға тартты. Жиналғандар әсіресе мүсінші Шәкен Аймановтың мінезін айна-қатесіз жеткізгенін айтты.
«Бүгін – тарихи күн. Ұлы адамға өзінің талай жүрген, талай кино түсірген жеріне ескерткіш орнатып жатырмыз. Бұл енді халықтың үлкендерге деген сыйы, жақсы бастама. Шәкең сияқты ұлы азаматтарға Алматы мен Астанадан ескерткіш қою – міндетіміз», – деді КСРО Халық әртісі Асанәлі ӘШІМОВ.